Тұрғын үйді басқарудың жаңа түріне өтудің тиімділігі түсіндірілді

402

Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Б.Парманов @akimat_shymkent парақшасында тұрғындармен тікелей эфирде кездесті. Онда тұрғын үйді басқарудың жаңа түрі туралы баяндап, тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

«Абай ауданында жаңа нысанға өтуге болатын 374 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінде оның 90-да жай серіктестік және 52 көпқабатты тұрғын үйде мүлік иелерінің бірлестігі құрылып, қалалық әділет департаментінде тіркелді. Бұдан бөлек, 3 үйдің құжаттары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мекемесі арқылы рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде», — дейді аудан әкімі.

МИБ – бір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін, «бір үй — бір мүлік иелерінің бірлестігі — бір есепшот» принципіне негізделген заңды тұлға ретінде тіркелген коммерциялық емес ұйым болып табылады.

ЖС – заңды тұлға құрмай, «бір үй – бір жай серіктестік – бір есепшот» принципі бойынша жұмыс істейді.

Б.Парманов әлеуметтік желі қолданушыларына жаңа басқару түрінің — күтіп ұстауға жиналған қаражатты өздері басқарады; жұмыстарға тапсырыс берушіні өздері таңдап, оған баға бере алады; ауладағы учаскеге мемлкеттік акт рәсімдеу ЖБО арқылы жүргізіледі деген секілді артықшылықтарын түсіндіріп өтті.

Сонымен бірге, тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан 70-ке жуық сұрақ қойылды. Сауалдардың басым бөлігі шалғай елдімекендердің инфрақұрылым мәселесіне қатысты болды.

Одан бөлек, аудан әкімі жылу маусымына дайындық жұмыстары да жүргізіліп жатқанын айтты. 15 тамызға дейін жылу жүйесіне дайын үйлер санын 70 пайызға жеткізу жоспарлануда екенін жеткізді.