“ҮРІКПЕЙТІН, ҮРКІТЕТІН ДЕПУТАТ …”

635

Жақсыны іштарту қазақтың қанында бар қасиет. Дәл солай Талғат Балтабаевты да көп жұрт іш тартады. Әрі оған тілеулес. Неге? Өйткені, ол-журналистикаға жасынан жалындап келді, жарқырап көрінді. Бүгінде өткір журналистен өжет депутатқа айналды. Тура сөйлеп туғанына жақпайтынның нағыз ”сортынан” екенін ел де біледі, ”Нұр-Отанның” нағыз “серкесі” Бауыржан Бәйбекте біледі. Себебі, ол жүздесуде Байбексің деп, алдында бас салбыратқан жоқ. Бүкпесіз, ашық сөйледі. Міне, ”Болашақты” бітіріп, болашақты ойлаған Байбек үшін де, “Нұр Отанның” беделі үшін де Талғат секілді талантты жігіттер мен табанды депутаттар керек-ақ болды. Міне, мінезді депутат Талғат Балтабаев Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғалы әр-әр жерде дамылсыз кездесу өткізіп, өзімен қанаттас әріптестерімен бірге халқының қасынан табылып жүр. Және жәй “шәй ішіп” жүрген жоқ, елдің базынасын билікке именбей айтып, мәселені бетпе-бет жеткізіп жүр. Оның бұл қасиеті көпке үлгі, әсіресе, қолына қалам ұстаған біз секілді журналист әріптестері үшін зор мақтаныш.
Айтпақшы, Шымкенттегі отыз депутаттың ішінде “ойқастап жүрген” ол, осы белсенділігімен ”Нұр-Отан” партиясының “ішкі-рейтингінде” 7-ші орынға тұрақтапты әзірше. Шын қуандым. Оған бір мен ғана емес, Оңтүстік журналистикасының атасы Байдулла Қонысбектен бастап, дүйім журналистер мен оны танитын сайлаушылар бұл нәьижеге шын қуанды десем қателеспеймін. Елге шарапаты мен шапағаты тиіп жүрген тәжірибелі депутат Рашкуль Оспаналиева әпкесінің жақында ғана бір жазбасынан Талғаттың кісілік келбетіне ризалық білдірген ақжарма әпкелік тілегін оқып марқайып қалдым. Біз білетін Талғат осымен ”болдым-толдым” деп, тасымайтын, әрі жасымайтын жігіт. Ол халқының қасынан табылса, оны қолдап-қуаттайтын елі бар.
Сосын… Мені, тағы бір қуантатыны биылғы жаңадан жасақталған Шымкент қаласының депутаттық құрамының жаңарып-жасарғаны. Мәслихатта “паравоз” болып “бір-екі Бахадүр” (Бахадыр Нарымбетов, Нұрғазы Бұхарбай) мен әйел анасы болса да, Шымкентте депутаттық дәрежені төрге шығарып төредей еткен “төрт-бес төре-айым” әпкем ( Дария Қожамжарова, Төреайым Сұлтанова, Рашкүль Оспаналиева, Альбина Елшиева) және де әр түрлі партиядан “үш-төрт ноянның” (Байкен, Ноян, Қуаныш, Мұрат, Өзипа, Ғани) “үрікпей”, керісінше біраз шенеунікті ”үркітіп” жүргені де жаман нәтиже емес…

Ерсүлтан Әмірбек
“ARA-ақпарат”