РУХАНИ КЕРУЕН – ТҮРКІСТАНДА

438
Түркістан қала­сын­дағы «Farab» жаңа кітап­ханасында «Рухани керуен — Түркістанда» атты акция өтті. Әр аудан кезек-кезегімен көпфун­к­ционалды білім кеше­ніне атбасын бұратын болады. Сол кезек біздің ауданға келген екен.
Сонымен ауданнан шыққан керуен Түркістанға аялдады. Мекеме қызмет­кер­лері керуенді ду қол ша­палақпен, сән-салта­-натымен қарсы алды.
Облыстық мәдениет басқармасы және әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдас­тыруынан бастау алған «Рухани керуен — Түркістанда» атты акция жобасының келесі көші Ордабасы ауданына келіпті. Іс-шара қазақтың салт-дәстүріне сай ақ жаулықты әжелеріміздің шашуымен және Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, аталған ке­ңес­тің мүшесі И.Шара және ақын Н.Бе­галыұлы, Ордабасы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Жылқыбайдың лента қию рәсімімен басталды.
Аудан өнерпаздары арнау өлеңдерін, кітап және қолөнер көрмелерін, үш жүзді біріктірген «Ордабасы» жиынына 295 жыл толуына орай әзірлеген тарихи көрінісін және қазақ палуаны Қ.Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына арнаған әсерлі қойылымды көрерменге ұсынды.
Сонымен қатар Нармахан Бегалыұлы­мен кездесу кеші де әсерлі өтті. Қаламгер өлеңдерін жатқа айтқан оқушылар да, әншілер де өз өнерлерін паш етті.
Іс-шара соңында Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Жылқыбай, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы Ұ.Мұс­тафаева және Түркістан облыстық әмбебап ғы­лыми кітапханасы директорының орын­басары Ж.Аманжолова іс-шараға ат тер­летіп келген қонақтар мен оқырман­дарымызға алғыстарын білдірді.
Жиын аяқталған соң ғимаратты аралап шықтық. Елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жаб­дықталған. Бұл орталық білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналған.
Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана орналасқан. Онда қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлерінің және әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жинақталуда. Екінші қабатта алуан түрлі студиялар, шеберханалар мен қолөнер дүкендері тұр.
Бұл жерде кез-келген оқырман үшін қалаған дүниелерін өз қолымен жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірінші қабатта Fab-lab ор­на­лас­қан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге барлық жағдай жасалған. Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монус­крип­тілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады.
Іс-шараның осындай керемет ғима­ратта өткендігі барлық қонақтарға ерекше әсер қалдырды.
Г.ЕЛБАСИЕВА