ЖАЗУДЫ ОСЫ ГАЗЕТТЕН БАСТАҒАНМЫН
«Ордабасы оттары» дегенде бұл газетке менің де бүйрегім бұрып тұрады. Мектеп оқушысы кезімде ауылдағы мақташылар еңбегі туралы және өзге де тақырыптарда жазған шағын мақала хабарларым осы газетке жарияланып тұрды. Мына бір оқиға есімнен кетпейді.
Ол кезде біздің Шұбар ауылы «Бадам» мақта совхозының «Октябрь» бөлімшесі деп аталатын. Ерте көктемнен мақтаның жиын, терімі біткенше ауылдағы мақташылардың еңбегі туралы үзбей газетке, «Коммунизм таңына» мақалалар жазып жүрдім. Ол кезде мектеп оқушысымын.
Терім науқаны аяқталған соң бір күні ауылымыздың мақта бригадирі Қарынбай Өтебаев көкеме келіп: «Көке, біздің бригаданың жоспарды орындауына мына сіздің балаңыз Уәлихан да үлкен үлес қосты»- деді.
Әмір әкем жарықтық бәрін біліп отыр.»Мына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рашид Нұғманов жолдастың «Алғыс хаты» мен 10 сом ақшалай сыйлығын әкеліп тұрмын»- деді. Менің төбем көкке бір елі жетпей тұрды. Әкем жарықтық қатты қуанды. Анам мені құшақтап, бетімнен сүйіп, бауырына басқан еді.
Оған дейін ауылда «Тілші бала» атанып жүргенмін. Содан Шымкенттегі ҚазХТИ-ға /қазіргі М.Әуезов атындағы ОҚМУ/әскерден соң дайындық тобына түсіп, кейіннен студент атанып, оны бітірген соң Павлодар трактор зауытында жұмыс істедім. Мұнан соң Павлодардағы облыстық «Қызыл Ту» газетінің штаттан тыс тілшісі болдым.
Мұнда маған осы басылымда университеттен соң жұмыс істеп жүрген танымал журналистер Ғалым Омархановтың, қазір Сенатор Нұртөре Жүсіптің, марқұм Мұхтар Наушабаевтың, жергілікті телерадиожурналист Ақмарал Сағымбековалардың қолдауымен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірдім.
Соңғы қызмет орным «Оңтүстік» телеарнасында 25, республикалық Қазақ радиосының ОҚО тілшісі қызметін 10 жыл абыройлы атқарып, өткен жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым. Мұхтар Пірмаханбетов, Қыдырбай Жұмаділов, Слам Нұрмағамбетов тағы басқа ағаларды ол кезде сырттай білуші.едім, кейіннен кездесіп, таныдым. Қараспаннан Әсет Тастеміров деген аға да материалдар жазып тұратын.
Фантаст жазушы Сарманбай Исақ аға тамаша суреттер салатын. Шаһаризада Дәнееваны бертін келе таныдым. Мен кейде өз жазғандарымды Құралай Ерсұлтанова әпкем арқылы редакцияға беріп жіберетінмін. Нармахан аға газетті қызықты, мазмұнды етіп шығарды. Павлодарға алдырып тұрдым. «Ордабасы оттары» ұжымына үлкен шығармашылық табыс тілеймін. Оттарыңыз сөнбесін! Жарқырап, оқырманға жарықтарыңызды шаша беріңіздер!
Уәлихан ҚОЖАҚ,
ардагер журналист.