ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰСТАР КҮНІНЕ ОРАЙ БАЛАЛАР САЙЫСЫ ӨТТІ

784

Шымкентте жас орнитологтардың «Ornis–2022» қалалық сайысы өтті. Байқау 1 сәуір – халықаралық құстар күніне арналған. Шаһардағы мектептердің оқушыларынан құралған командалар зообақта бас қосып, өзара сайысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыс алдымен қаладағы 4 ауданда өткен. Іріктеу турынан іркілмей шыққан командалар қалалық сайысқа жиналып отыр. Мұнда олар көрермендер мен әділқазылар алдында өз өнерлерін паш етіп, түрлі номинациядан мықтыны анықтайды.
– Сайысымыз төрт номинация бойынша өтеді. Олар – «Команданың визит-карточкасы», «Құстарға қамқор болайық», «Құстардың таңғажайып әлемі» және «Шекарасыз шығармашылық» номинациялары. Яғни, бірінші турда командалар өздерін таныстырса, екіншісінде өздері жасаған құс ұяларын салыстырамыз. Келесі кезеңде балалар құстар туралы викторинаға қатысып, соңында сахналық көрініс ұсынады. Мұндағы мақсатымыз – жастардың табиғатқа, оның ішінде жан-жануарлар мен құстарға қамқорлығын арттыру, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Экология, өлкетану және туризм» орталығының бөлім меңгерушісі Мұхтар Керімбеков.
Қалалық білім басқармасына қарасты осы орталық мұрындық болған сайысқа қалалық зообақ, «Сайрам-Өгем» және «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи парктерінің басшылары қолдау көрсетіп отыр.

«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев
Фото – Серік Қосаев