ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАР ХИРУРГТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

453

Шымкентте еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаевтың 85 жылдығына арналған II-балалар хирургтарының форумы өтті.

Халықаралық шараға Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Орта Азия елдеріндегі балалар хирургиясы қоғамдастығының төрағасы қатысты. Форумның алғашқы күнінде білікті мамандар педиатриялық қызмет турасында түрлі тақырыпта баяндамалар оқыды.

Екінші күнінде қалалық клиникалық балалар ауруханасында травматологиялық, нейрохирургиялық оталар бойынша шеберлік дәрістері өткізілді. Еліміздің барлық өңірінен жиналған балалар хирургтары шеберлік сабақтарында тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды.

Форум аясында дәрігерлер «сколиоз» диагнозы қойылған 12 жастағы балаға травматологиялық операция жасады. Ота кезінде дәрігерлер науқас баланың қисайған омыртқасын хирургиялық жолмен түзеп берді. Үлкен көлемде жасалған операция сәтті өтті дейді мамандар.

Сондай-ақ Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында дәрігерлер жаңа туған сәбиге күрделі ота жасады. Операция жасалған кішкентай пациент перинаталдық орталықтан ауруханаға ауыстырылған. Науқас баланың өңеші бітеліп туылған. Операция бірнеше кезеңде өтетін болғандықтан, тумасынан ауыр дертке шалдыққан шақалаққа алдағы уақытта тағы ота жасалады деп күтілуде.

Ал нейрохирургиялық ота кезінде еліміздің бас балалар нейрохирургі Ғабит Өленбайдың жетекшілігімен 15 жастағы қыздың бас сүйегіне күрделі ота жасалды. Мұндай краниопластика операция қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет жасалды.

«Шеберлік сабағы аясында эндовидеохирургия, лапароскопия, торакоскопия әдісімен оталар жасалды. Бұл операциялар тіліксіз жасалғандықтан, науқастың сауығып кетуіне зор мүмкіндік береді»

— дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі