ДИСПЕТЧЕРЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ
ДИСПЕТЧЕРЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ
Шымкентте көшелерді жарықтандыру жүйесі бір орталықтан басқарылады. Күні кеше диспетчерлік орталықтың жаңа кеңсесі іске қосылды. Орталық жұмысымен қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков танысты.
Орталық жұмысы қалалық цифрландыру басқармасымен бір жүйеге қойылған. Осылайша алдағы уақытта «Ақылды қала» жобасы аясында шаһардағы жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру көзделіп отыр.
– Бұған дейін қаладағы жарықтандыру жүйесі уақыт релесі деген жүйемен, әр жәшіктен қолмен басқарылатын. Бүгінгі таңда заманауи жүйені басқаратын жаңа диспетчерлік пункт ашылып отыр. Жұмыс толық автоматтандырылған. Тәулік бойы оператор барлық жүйенің жұмысын бақылап отырады: қай көшедегі желі, қай шам жанып немесе өшіп тұрғаны экраннан көрінеді. Тағы бір ерекшелік – мамандар жарық шамның іске қосылу мерзімін жыл мезгілі, күннің шығуы мен батуына орай өзгертіп тұрады. Мысалы, қазіргі таңда шамдар кешкі 21:00-де жанып, таңғы 05:30-да өшеді. Ал күн бұлтты кезде диспетчер жарық шамдарын бір орталықтан, компьютер арқылы ерте қоса алады, – деді Боранбай Болатбеков.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылуда. «АВМ Building» ЖШС Шымкентте 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Көшелерді жарықтандырып, жүйені күтіп-ұстау, автоматтандырылған желіге қосу – осы мекеменің жұмысы.
– Қалада 2021 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеміз. Біздің мақсатымыз – қаладағы барлық жарықтандыру жүйесін толық автоматтандыру. Ескі шкафтарды заманауи, жаңасына ауыстыру, диспетчерлік орталыққа қосу. Қазіргі таңда 80 шкаф іске қосылып, жыл соңына дейін олардың санын 150-ге жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Диспетчерлер – толығымен жергілікті тұрғындар. Барлығы арнайы курстан өтіп, Алматыда тәжірибе алмасып келді, – дейді «АВМ Building» ЖШС Шымкент қалалық филиалының директоры Асқар Бураханов.
Диспетчерлік орталықтың штатында бас диспетчермен қоса
5 адам бар. Ауысым бойынша күндіз екі маман, түнде бір диспетчер кезекшілікте отырады.
Қазіргі таңда орталық жүйесіне 40-қа жуық көше қосылған. Жыл соңына дейін мұндай көшелер санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта әр шамның электр қуатын, түнде көлік қозғалысы баяулағанда шамдардың жарық беру пайызын автоматты түрде төмендету арқылы энергия үнемдеу сияқты функцияларды іске қосу жоспарлануда.