ҚАЛАҒА ЖАҚЫН ҚАРАШЫҚ

230

Қарашық ауылдық округінің көптеген тұрғындары Түркістан қаласына қатынап, енді бірқатары аудан орталығы Шорнақта жұмыс жасайды. Сондықтан да бұл Қарашыққа кіретін бірнеше елді-мекендердің өзекті жайлары бір-біріне ұқсас болып келеді. Олар Интернет байланысының төмендігі, жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқандығы, су тапшылығы, жеке үй салып алуға жердің берілмеуі…

Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қарашықтағы мектептің конференция залында жұртшылықпен кездесу өткізіп, 2024 жылдан бастап Құмтүйін елді мекені мен Қарашық ауылынан 600 орындық аса жайлы мектеп бой көтеретіндігінен хабардар етіп, арнайы жасалған слайдты көрсетті.

Осыдан үш ай бұрын тұрғындар көтерген мәселелерге толыққанды жауап берді. Ол жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды.

-Бұрындары аудан әкімдері ауыл тұрғындарының хал жағдайын білу үшін емес, өзінің жылдық жоспарды жақсы орындағаны үшін ғана бір көрініп, оның өзінде де, баяндама жасаумен құтылатын. Ендігі жерде басқаша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әрбір аудан әкімі ел алдында үш ай сайын есеп беріп отырады. Соған орай, осыдан үш ай бұрын маған жолдаған хаттарыңыз, өтініш, шағымдарыңыздың қаншалықты орындалғанына тоқталайын,-деп бастады кезекті есебін Ғани Құрмашұлы.

Ғани Құрмашұлының айтуынша, тұрғындар мәселе көтергенде айғай-шуға баспай, сабырлы қалыппен өз ойларын жеткізуі тиіс. Мәселен, осыдан үш ай бұрын жүйнектік Қуаныш Ботабеков жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқандығы және карьерлердің экологиялық ахуалға кері әсері болып жатқандығы, олардың заңсыздарын қайтарып алып, жерді халық игілігіне беруді қозғаған екен.

Осыған орай, әкім биылғы Референдум негізінде жердің асты да, үсті де халықтыкі болып саналатындығын, соған орай аудан әкімдігі мен жер инспекциясы, экологиялық басқарма, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, аудан аумағында заңсыз жұмыс жасап жатқан 22 қиыршық тас карьерінің жұмысын тоқтатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, 2014 жылы ауылдық жерлерде Қоғамдастық құру туралы» заң шыққан көрінеді. Содан бері олардың жасаған ісі көрінбеді. Сондықтан ол Қоғамдастықтар тарап, олардың орнына жігерлі, елмен етене араласқан, жұртшылыққа дегенін жүргізе алатын беделді, абыройлы азаматтар тартылды. Жүйнек ауылдық округінде де мың адамнан бір адам немесе елді мекеннен бір адамнан баламалы негізде сайланды.

Сауран ауданы бойынша құрылған Қоғамдастықтардың алдындағы ең күрделі жұмыс, ол Кеңес Одағы құлаған тұста ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жайылымдық және суармалы жерлерді елге қайтару.

-Бұл жерде мынандай нәрсе бар. Ол кәсіпкер не шаруа қожалығы жерді тиімді пайдаланып салығын уақытында төлеп, халық шаруашылығын дамытуға үлес қосып, ондаған жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырса, оған тиіспеңіздер. Жайылымдық жерден аздап артылатын болса, ауылдағы тұрғындардың малын бірлесіп жаюға арналған ортақ жайылым етіңіздер.

Қоғамдастық кезінде мыңдаған гектар жерді алып, оны пайдаланбай отырғандармен бел шеше күресуі тиіс, — дейді әкім.

Қарашық ауылдық округінің тұрғындары кездесуде жол мәселесін көтерді. Аудан әкімі Қарашық ауылынан өтетін облыстық маңызы бар Түркістан-Қарашық-Қарнақ автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Құмтүйін елдімекенінің тұрғындары ауыз су мәселесін көтеріп, халықты сапалы ауыз сумен қашан қамтамасыз ететінін сұрады.

«Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекенінен ауыз су ұңғымасын қазуға Кентау қаласы әкімдігі тарапынан 42,0 млн.теңге қаржы қаралып, 370 метр қазылды. Сонымен қатар, «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Жер асты су қоры анықталған соң, ұңғыманы тиісті тереңдікке дейін қазу жұмыстары басталады», — деді аудан әкімі Ғ. Рысбеков.

Сонымен қатар Қарашық және Құмтүйін елдімекендерін сапалы электр жүйелерімен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған аудан әкімінің баяндауынша, Қарашық ауылдық округі өткен жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар соммасы 197,26 млн.теңгені құраған. Бұдан бөлек, Қарашық ауылдық округінде ағымдағы жылы жалпы құны 300 млн.тг құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Кездесуде Ғани Рысбеков қарашықтық шаруаларды жаңа әдістерді пайдалануға шақырды.

«Қарашық ауылдық округі облыс орталығына өте жақын орналасқандықтан болашақта егістік жерлер тарылады. Сол себептен заманауи үлгідегі жаңбырлатып суару, тамшылатып суару сияқты жаңа әдістерді қолға алғандарыңыз тиімді болмақ. Ауыл шаруашылығы саласы ауданымыздағы ең маңызды сала болғандықтан, біз шаруаларға барынша жағдай жасаймыз. Мемлекет тарапынан да субсидияларды шаруаларға қол жетімді ету әрекеттері жасалып жатыр. Мал шаруашылығына тоқталатын болсақ, ауыл айналасындағы жайылым жерлерді ортақ жайылымға қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтқым келеді», — деді аудан әкімі.

Қалай болғанда да, Қарашық ауылдық округінің тұрғындары Түркістан мен Сауран қаласындағы серпінді даму қарқынын өздері көздерімен көріп қана қоймай, қарбалас құрылыстарға бел шеше араласып, қазіргі таңдағы саяси науқандарға да оң көзқарастарын білдірді. Сауран ауданы әкімінің ашық та еркін форматтағы есебіне жоғары баға беріп, ауыл ақсақалдары өзекті мәселелерге шынайы жауап беріп және үлкен жанашырлықпен кірісіп жатқан аудандағы бөлім басшыларына да, халықтық қызметі үшін жұртшылықтың алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.