ЖҮЙНЕКТІҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛЕНІП КЕЛЕДІ

279

Сауран ауданының әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, осыдан үш ай бұрынғы берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды.

Сауран ауданында орналасқан басқа да елді мекендер секілді ұқсас өзекті жайлар Жүйнекте де баршылық. Оның ішінде ең өзектісі 2006 жылдан бері тұрғын үй салып алуға арналған жер телімінің берілмеуі.

Ауыл тұрғындары жеке үй салу мақсатында жер алу мәселесін көтеріп отыр. Қазір кей үйлерде төрт-бес келінімен тығылысып тұрып жатқандары бар. Бұл жөнінде аудан әкімі жер алу кезегінде тұрғандардың санын және кезегінің ретін сараптаудан өткізу қажеттігін алға тартты. Ауыл әкімінің айтуынша, Жүйнек ауылдық округінде 2500-ден астам адам жер алу кезегінде тұрған көрінеді. Жергілікті тұрғын Бақтияр Исаев жердің инфрақұрылымын жүргізуге жергілікті кәсіпкерлерді тартып, жолын, жарығын орнатуға неге кіріспеске деген бастамашылығын жеткізді.

Аудан әкімі халықтың жеке тұрғын үй салып алуына болатын жердің инфрақұрылымын жасауға кәсіпкерлерді де тарту бастамасын қолдап отыр. Оған дейін алдымен 2006 жылдан бері әлі заңдастырылмаған жер телімдері мен тұрғын үйлер бар болып шықты. Оның басты себебі, қалаға жақын ауылдардың алдымен Түркістан қаласының, сосын Кентау қаласының, жақында Сауран ауданының аумағына өтуінен болып отыр екен. Мұны ретке келтіру үшін жер кадастры, жер инспекциясы секілді құзырлы мекемелер алдымен жерлерді заңдастыру керек.

Бас қосуда белгілі болғандай, қазіргі таңда мемлекеттік жер инспекциясы республикалық деңгейде мониторинг жүргізу үшін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды екен. Бұл да жергілікті халыққа қолбайлау болып отыр.

Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын ел ағалары Фархад-ака Абдурахманов, Халидолла Мұстапаев, Абдужаппар Абдулахаповтар жеткізді. Бұған дейінгі елді-мекендерге ұқсас проблемалар мұнда да баршылық. Ең алдымен елге керегі күн санап құрғап бара жатқан су тапшылығы. Екінші орында жарықтың түгел жеткізілмеуі және табиғи газдың кешеуілдеуі. Тарылып бара жатқан мал жайылымы. Бұған дейін де бірнеше рет жүйнектіктермен кездесіп, тұрғындардың өзекті жайларымен жақсы танысқан аудан әкімі алдағы атқарылар жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бірлесіп шешер мәселелерді еркін түрде ортаға тастады.

Аудан әкімінің баяндауынша, биылғы жылы Жүйнек ауылдық округінде жоба құны 232 млн. теңгені құрайтын сауықтыру кешені, дүкен, қоғамдық тамақтану орыны сияқты үш инвестициялық жобаның құрылысы жүруде.

Жүйнек үшін ең әуелі сапалы ауыз сумен елді мекендерді толығымен қамту. Сауран ауданы бойынша елді мекендердегі 2011-2018 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілу барысында жобаға енбей қалған және жаңадан қоныстанған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 8 нысан бойынша аудан әкімінің қаулысы шығарылып, сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленді. Жобалау-ізденіс жұмыстарының сметасы әзірленіп, қаржы бөлдіруге «Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырылды. 8 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жалпы құны – 108,013 млн.теңге қаржы бөлдіру қажет.

Осыған орай, «Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округі, Жүйнек елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 10 331,68 мың теңге бөлу көзделген. Жүйнек ауылдық округіне қарасты Жүйнек және Шыпан елді мекендеріндегі қолданыстағы су қоймаларына сыйымдылығы 50 м³ су мұнарасын орнатуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Жоба дайын болған соң, орталық су жүйесіне қосылып, елді мекен тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтылатын болады.

-Алдағы уақытта «Сауран-су» компаниясына тіркеліп ауыз судың және электр қуатының тарифын белгілеу жұмыстары атқарылады. 2025 жылға дейін бұл жұмыстар толығымен атқарылады. Жүйнек, Қарашық су лотоктары 50 пайызға дейін ескірген. Оны жаңалау қажет. Қосқорған су қоймасын тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстарыңыз ескеріледі. Төрт трансформаторды да ауыстыру керек.

Тұрғындар тарапынан табиғи газбен қамту мен жол жөндеу сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Ғани Құрмашұлы бүгінгі таңда, аудан әкімдігі тарапынан Жүйнек ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша облысқа қаржы бөлуге бюджеттік өтінім берілгенін, құрылыс жұмыстарын 2022-2024 жылдары жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.

-Жақында Теке, Қожанов, Жалаңтөс, Нұртас ауылдарын газға қоса бастадық. Алайда, көп үйлердің құжаттары дұрыс емес. Осы мәселелер газдандыруға кедергі келтіріп отыр. Оранғай, Қарнақ жобаларын жасап қойды. Жүйнекке газ 2023 жылы келеді,-дейді аудан әкімі Ғани Құрмашұлы.

«Биылғы жылы Жүйнек елді мекеніндегі Түркістан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүрізіледі. «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы бойынша да бірнеше жұмыстар жоспарлануда. Оның ішінде мектеп, балабақша, поштаға баратын жолдар алдымен қамтылады. Сонымен қатар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Түркістан-Жүйнек-Қарнақ автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Көшелерге бақылау камералары орнатылады», — деді Ғ. Рысбеков.

Сондай-ақ аудан әкімі жөнделетін жолдардың сапасын қадағалау мақсатында тұрғындардан жұмысшы топ құрылып, халықтық бақылау жүргізілетінін жеткізді.

Ауылдық округтегі қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бейнебақылау мен жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату жоспарлануда.

Сонымен қатар, Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан, Ғани Мұратбаев көшелерін, Шекербұлақ және Жүйнек елді мекендеріндегі Байтерек, Көктем, Абай көшелерін, Шыпан елді мекеніндегі Ордабасы, Бабыр көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сауран ауданы әкімімен кездесуде ең өзекті мәселе судың басындағыларға ағын су уақытында жеткізілгенімен жаз шыға, күздегі нағыз өнімдердің пісетін кезінде арналардың құрғап кетуі сөз болды. Есік алдындағы бау-бақшасын суаратын құдықтардың өзі де ол кезде 6-7 метрден 15 метрге дейін кеуіп кетеді екен. Сауран ауданының әкімі бұл мәселені шаруа қожалықтары, Қоғамдастық өкілдері, аудандағы сала басшыларымен және құзырлы орган жетекшілерімен бірлесіп бас қосып, сонда түпкілікті шешейік деп уағдаласты. Себебі, жылма жыл су тапшылығы күшейіп барады. Соған байланысты мүмкін бірқатар шаруа қожалықтары суды көп қажет ететін мақтадан гөрі қауын-қарбыз, бидай, жоңышқа егуге көшкендері жөн болар ма екен деген ұсыныс тастағандар да болды. Бірақ мұның барлығын жан-жақты, ғылыми тұрғыда екшеп барып, іске кіріскен жөн. Себебі, қазірдің өзінде су тапшылығынан миллиондаған қаржысы желге ұшып жатқан мақташылардың барлығы анықталды. Жақын маңдағы көнерген тоғанды қалпына келтіру жайы да айтылды. Жергілікті тұрғындардың жан-жақты пікірлеріне құлақ асқан аудан әкімі мұны шын мәнінде сала мамандары мен ғалымдар қатысқан үлкен аудиторияға шығару керек екендігіне назар аударды.

Ескендір ЕРТАЙ.