А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 1926 ЖЫЛЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚҚАН «ӘЛІП БИ» ҮЛГІСІ

2588

Биыл ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы 150 жылдық мерейтойы мемлекет көлемінде тойланып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы ғалымның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталуда.

Ахмет Байтұрсынұлы өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісіне жанданып кемелденуіне бағыштады. Белгілі түрколог академик А.Н.Кононов Ахмет Байтұрсынұлы казақ алфавитін жүйелеу, оқу құралдарын жасау, фонетика мен грамматика саласындағы қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы зерттеулерінің маңызы туралы жазуы да тектен-тек емес. Қазақ әліппесі, қазақ тілі мен әдебиеті салаларындағы зерттеулермен қатар түркология ғылымының зерттелуіне де айтарлықтай үлес қосқан.

А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап қазақ жазуының ережелерімен айналыса бастаған. Осы жылға дейін қазақ халқының қолданған жазуы араб графикасында болатын. Бірақ араб жазуын сол күйінде алып қолдану қолайсыздық тудырған. Осы қиындықтардан шығу үшін 1912 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы барлық күш-жігерін осы бағытқа жұмсап, араб графикасына негізделген, қазақ тілінің дыбыстау жүйесіне сүйенген жаңа әліпби шығарды. Оның «Оқу құралы. Қазақша Әліпбе» атты еңбегі 1912 жылы Орынбор қаласындағы М.Ш.Кәрімов және Ш.Хусейновтардың баспа үйінен жарық көрген. Осы еңбек 1912-1925 жылдар аралығында түрлі түзетулер енгізіліп, 7 рет жарыққа шыққан. Мектептерде осы кітап дәріс құралы ретінде пайдаланылған. Кейіннен А.Байтұрсынұлы 1926 жылы «Әліп-би (Жаңа құрал) атты жаңа еңбегін басып шығарды. Бұл әліппе осы күнде кеңінен қолданылатын «суретті әліппе» негізінде шығарылған. Еңбек 1926 жылы Қызылордадан 116 беттік кітап болып жарық көрген. Кітапта 128 сурет қолданылған.

А.Байтұрсынұлы осы аталмыш еңбегінде балаларға арнап арнайы өлеңдер, жұмбақтар, мақал мәтелдер таңдаған. Кітаптың алғашқы бетінде «Қазақстанның білім орталығы мектептерде қолдануға рұқсат берген» деген жазу бар. Екінші бетінде балаларға арналған мына жолдар кездеседі: «Балалар! Бұл жол басы даналыққа Келіңдер түсіп байқап қаралық та! Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп, Соларды көре тұра қалалық ба? Даналық өшпес жарық, кетпес байлық Жүріңдер іздеп тауып алалық та». Кітаптың үйрету әдісін екі бағытта алып қарауға болады: а) Әліппе және оқып үйрену әдісі. А.Байтұрсынов кітапта қазақ әліппесінің соңғы нұсқасын берген. Кітапта арабша жазуды қолдана отырып, сөздердің оқылуына оңай болғанымен, қазақша сөздердің оқылуын қиындадатын әріптерді буынға бөліп оқып үйрену әдісі емес, әріп пен сөздерді буынға бөлмей оқу қолданылған. Кітапты «а», «р», «з» әріптерінің таныстырылуымен бастаған А.Байтұрсынұлы еңбегінде ерекше әдіс қолданған. «А» әрпіннен кейін «р» әрпінің жазылуы осы күнде қолданылған әдістерден ерекше. Кітапта жазылған алғашқы мысал «ар» сөзі. А.Байтұрсынұлы әр оқушының үйрену деңгейін назарға ала отырып, әріптерді үйрету барысында жаңылтпаштардан мысалдар келтіріп отырған. Мысалы «о» әрпінен кейін «Зор Ораз, Ор Ораз, Ораз орар, аз орар», «т» әріпінен кейін «Астан ас асат. Асаттар ас асатыр. Асат, аз асат! Сарт, сазан тазарт» т.б. А.Байтұрсынұлы бұл еңбегінде негізінен балаларға таныс сөз бен сөйлемдерге, мәтіндерге орын берген. Сонымен қатар білім берудегі мағлұматтарды аздан- көпке, белгіліден-белгісізге, оңайдан- қиынға қарай ретімен берген.

1) А.Байтұрсынұлы «Әліппесі» араб жазуының құрылымы мен ерекшелігіне негізделген;

2) Араб әліпбиінде бас әріп жоқ және баспаша түрі мен жазбаша түрі ұқсас болғандықтан, бұл ерекшелік сөзсіз сол күйінде «Әліппеде» сақталған;

3) А.Байтұрсынұлы «Әліппені» әр басылымында жетілдіріп, толықтырып отырған. 1926 жылғы басылымында қазақтың 28 дыбысына арналған 24 таңбаны үйретіп біткеннен кейін «Қазаққа басқа тілден қатысқан сөздер үшін алынған дыбыс таңбалары» деген тарау беріліп, онда араб әліпбиінен шығарып тастаған 12 таңба емес, соның 4-еуі (х, һ, ф, ш) ғана үйретілген, яғни бұл төрт таңбаны қазақ жазуына қажет деп танып, іріктеген. Ал харакат, сукун, тануин, хамза белгілеріне мүлде тоқталмаған. А.Байтұрсынұлы әліпбиінде төл сөздерде кездесетін ш дыбысы парсының че (چ) таңбасы арқылы берілгені мәлім. Ал арабтың ш (ش) таңбасы шаһар, шифа, шарбат, х таңбасы хажы, хакім, хүкім, хайуан, хайран, хайыр, хайыршы, хұлық, ф таңбасы офат, файда, фарман, саф, жафа, фақыр, фасық тәрізді араб, парсы сөздерін жазу үшін, ал һ таңбасы аһілеу, үһілеу сөздерімен қатар гауһар, жауһар, һауа, һеш, һәр, һәман, баһа, қаһарман, жаһат тәрізді сөздерді таңбалау үшін алынғаны «Әліппеде» арнайы бөлек көрсетілген.

Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынұлы ұзақ ғасырлар бойы орта түркі жазу дәстүрін сақтап келген қазақ жазуын қазақтың ауызша тіліне лайықтаған алғашқы реформатор.

Қ.ҚҰДАБАЙ,

Сауран ауданы «Тілдерді дамыту және оқыту орталығы» КММ директоры.