ЕЛІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ АРТА БЕРСІН

258

Адам шыр етіп дүниеге келгенде, кіндік қаны тамған мекен – туған жерінен артық жер болмайды. Оның қаншалықты ыстық екенін әрбір адам Отанынан алыс кеткенде бірден сезінеді. Туған жерге деген ыстық сезім, үлкен махаббат оны өз еліне жетелеп тұрады. Сондықтан туған Отанын гүлдендіріп, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, оның қадір-қасиетін түсіну — адамзаттың басты парызы. Алда келе жатқан 25 қазан Республика күні – осындай туған жерге, Отанға, еліне, тіліне, рәміздерге деген сүйіспеншілікті арттыратын ерекше мереке.

Бүгінде әлемде қаншама қақтығыстардың, елдер арасындағы келіспеушілік салдарынан туындаған сұм соғыстардың болып жатқанын еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін біледі. Осындай қантөгістердің зардабын жазықсыз халық тартып жатыр. Туған жері соғыс алаңына айналған соң олар өз отбасын, балаларының жанын сақтап қалу үшін жан-жаққа босып, қашып жатқанын көріп отырмыз. Демек, бейбітшілік пен татулық мемлекеттің басты құндылығы!

Біз, біз деп отырғанымыз Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, үлкені-кішісі, әрбір оқушы, әрбір бала осы құндылықты аялай білуіміз қажет. 25 қазан Республика күні деп белгіленуінің өзінде қаншама мән бар десеңші! Бұл күні ғана емес, күнделікті осы татулық пен бірліктің символы саналатын ұлттық рәміздерімізді, әнұранымызды, тілімізді, ұлттар арасындағы достық қатынасымызды құрметтеуіміз керек. Ал осы ұлттық мереке деп белгіленген күні оларды ұлықтауымыз қажет! Оның қадір-қасиетін жас ұрпаққа тереңінен ұғындыруымыз қажет! Алда атап өтілетін мерекелік 3 күнде елге, жерге, жаңадан құрылған өзіміздің Сауран ауданына деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді арттыратын ауқымды шараларды өткізу парызымыз. Мысалы, мекемелерге ғана емес, тұрғын үйлерге де көк жалаушалар таратып, «күнде жиын өтетін Күлтөбенің басында» ауыл ақсақалдары, ел аналары мерекенің қадір-қасиетін түсіндіріп, насихаттау жұмыстарын жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өсіп келе жатқан балаларға үлкен сабақ болары анық, алда сол дәстүрді жалғастырып, ел тыныштығын түсінетін, елін қорғай білетін патриот азаматтардың өсуіне ықпалы мол болар еді.

Ұлттар мен ұлыстарды ұйытып ұстап отырған мемлекетіміздің Республика күні құтты болсын! Еліміздің мәртебесі биіктеп, әлемге жақсы атымен таныла берсін! Тыныштығымыз бұзылмасын!

Балымхан БАЙТЕНОВА,

Сауран аудандық Әжелер алқасының төрайымы.