ТАУСЫЛМАСЫН ЕГЕМЕНДІК ЖЫРЫ

275

Толассыз ақпаратқа толы қоғамда түрлі жаңалықтар мен өзгерістердің болып жатқаны белгілі. Сондай жаңалықтардың бірі он жылдан астам аталмай ұмыт бола бастаған ұлттық мерекеміз – Республика күнінің қайтадан қайтарылып, ұлттық мерекелер тізіміне енуі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Иә, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасағаны баршамызға аян. Аталмыш декларацияда қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілген. Бүгінде Декларацияға сай аталған қағидаттар маңызын жойған жоқ. Көпұлтты, алуан дінді халқымыздың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуінің өзі ұлттық мерекенің абыройын асқақтатады. Демек, Республика күні, 25 қазанда Қазақстан халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі барынша насихатталып, жастардың бойына патриоттық сезімге баулитын шаралар көптеп өткізілсе, олар бұл күннің қадір-қасиетін тереңінен түсінер еді деп ойлаймын.

Биыл байқағанымыздай, Республика күніне дайындық ерекше. Балабақшадан бастап мектепте, түрлі білім беру орындарында мерекеге айрықша мән беріп, өскелең ұрпаққа бұл күннің маңызын ұғындыру жұмыстары қызу басталған. Біздің жаңадан құрылған Сауран ауданында мерекеге орай атқарылып жатқан қаншама игі істердің куәсі болып жатырмыз.

Құтты болсын Республика күні бұл,

Қазағымды қуанышқа бастайтын.

Таусылмасын егемендік жыры бұл,

Азаттықтың аппақ таңын растайтын, — деп өлеңге арқау болған жолдар да мерекенің мәнін айшықтай түседі. Сондай-ақ бұл мерекеде Қазақстан елі, жері, рәміздері жайлы деректердің, журналистердің, блогерлердің әлеуметтік желілерден дайындаған челлендждердің беріліп жатқанын көріп отырмыз. Олардың маңызы өте зор. Мысалы, танымал журналист Бейсенкүл Нарымбетова әпкеміздің Фейсбук желісіндегі парақшасын көріп, Республика күнінің маңыздылығын айқын түсінгендей боласың. Оның жолдап жатқан челлендждері ұрпағымызды патриоттық сезімге жетелеп, еліне, рәміздерге деген құрметті арттырады. Ендеше, 25 қазан Республика күні құтты болсын! Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын! Көк туымыз көк аспанда мәңгі қалықтасын!

Сейілхан АХМЕТОВ,

Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.