ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ

259

Тәңірдің бергеніне тәубе айтудан жаңылмаймыз. Ел тәуелсіздік алғалы 31 жылды артта қалдырыппыз. Осы жылдарды ой сарабына салсақ, жас мемлекеттің жаңашыл қадамдарын аңғаруға болады. Тарихтан тамыр тартып, 1991 жылы КСРО ыдыраған тұста ел тәуелсіздігін жариялаған Қазақ мемлекетінің бертін келе қандай белестерді бағындырғанын тарқатайық.

Ең әуелі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация 1991 жылы Тәуелсіздік туын тік көтеруге сеп болғанын айта кеткеніміз абзал. Бұл арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын. Ел егемендігін алған соң, көрші мемлекеттер әсіресе, түрік халықтары Қазақстанның тәуелсіз ел болатынына сенім білдірді. Аталған декларация қабылданғаннан кейін қазақ даласының шекарасы белгіленді. Тек бұл ғана емес, декларация қабылданғаннан кейін мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастағы дербестік бекітілді. Қазақстанның егемендігі мен территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап ел ішінде біраз өзгерістер орын алды. Қаншама қасірет көрген қазақ халқы, әрине, бұл күнді көп күтті. Шетте жүрген қазақтар бір-біріне сауын айтып, тарихи Отанына қайтар сәтті асыға күтсе, жергілікті тұрғындар сүйіншілетіп, егемендікті тойлады. Тойламағанда ше? Басынан Отырар ойранын, жоңғар шапқыншылығын, Ақтабан шұбырындыны, қайың сауған нәубеттерді, бодандықты кешірген Қазақ елі тәуелсіздікке қуанбағанда кім қуанады? Сондықтан да жыл сайын халық Республика күнін тойлауды әдетке айналдырды. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң бойынша 25 қазан мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Алайда 2009 жылдың сәуір айында жарияланған жаңа заңға Республика күні енген жоқ. Саясаткерлердің пікірінше, егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанға түпкілікті дербестік алып бере алған жоқ. Бар болғаны тәуелсіздікке қарай жасалған қадам ғана болған. Бірақ халық жүрегінде 25 қазан тәуелсіздік тарихындағы таңдаулы күн болып қала берді. Еліміздің егемендігін еске алғанда, бұл айтулы күнді аттап өту мүмкін емес еді. Осы құжаттың қабылдануы ұлттың санасын оятуға, азаттық алуға деген сенімнің күшеюіне себеп болды. Әрине, қазір жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жанып, салт-дәстүрлеріміз өзімізге оралып, тәуелсіздікке ие болған елміз. Ендігі кезекте әрқайсымыз «Мен – қазақпын» деп көк байрағымызды көтеріп тұрып, мақтанып айта алатын дәрежеге жеттік. Ұлттық мерекелердің де қатары толып, мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалуда. Осының барлығын ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана 25 қазан – Республика күні мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның символы болу керегін айтып, атаулы күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» деді. Әрине, Республика күнін қайтару зор мәнге ие. Себебі осы күні Қазақ елінің рухани құндылықтары, тәуелсіздікке дейінгі тартқан тауқыметі таразыға түсіп, көпшілікке насихатталатын болады. Қазақ еліне қайта оралған мерекенің маңызын тілге тиек етуіміз бекер емес. Ендігі жерде Қазақстан Республикасы жаһандық бәсекеде де бәсін арттыра түсуі тиіс.

Қалай десек те, 25 қазан – қазақ халқы үшін айтулы күн. Әлдекімдер бұл мерекені тәуелсіздік күнімен пара-пар десе де, екеуі екі түрлі мағына мен түсінік береді. 25 қазан егемендікке бастайтын алғашқы қадам болып есте қалса, 16 желтоқсан тәуелсіздікке қол жеткізген күн болып тарих бетінде мәңгі сақталады.

Жанар СУЛЕЕВА,