Инклюзивті білім беру — қоғам қажеттілігі

100

Түркістан облысының тұрғындарының назарына мектепте инклюзивті білім беру мәдениетін құру мектеп социумына ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларды қосу табыстылығының маңызды шарттарының бірі болып табылатындығы жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Тиімді жұмыстың міндетті шарты – білім беру ұйымдарының психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік,медициналық қызметтерінің өзара байланысы мен үйлесімді жұмысы. Ерекше білім беруді қажет ететін баланы тәрбиелеп отырған отбасыны білікті, кәсіби қолдау баланың тұлғалық дамуында әртүрлі қиындықтарды еңсеруге, өзіндік мүмкіндіктер мен қабілеттерді түсінуге көмектеседі.

«Ата-аналар мектептің оқыту мен тәрбиелеу процесіне толығымен тартылған деп ойлайсыз ба?» сұрағына қатысты ата-аналардың жауаптары мектеп ортасында инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға қатысты табыстылық кілті – отбасы мен мектептің өзара серіктестігіне негізделеді деген тұжырымды растай түседі. Қазіргі заманғы қазақстандық мектеп әкімшілігі мен педагогтері инклюзивті ортаның орын, сынып кабинеті, ресурс еместігін,білім алушыларға өз даралығын дамытуға мүмкіндік беретін білім беру процесі идеясын қабылдау екендігін анық білуі тиіс.

Жалпы, инклюзивті мәдениет индикаторларын іске асыру мәселесі бойынша нормативтік құқықтық құжаттар мен жиналған материалдарды талдау Қазақстанда инклюзивті білім беруді енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, бірақ жүйелі және кешенді түрде жүргізілмейтінін көрсетті. Еліміздің ортабілім беру саласындағы негізгі заңнамада мектептегі инклюзивті мәдениет индикаторлары тікелей көрсетілмеген, заңға тәуелді актілерде барлық қажетті штат бірліктері және олардың инклюзивті ортаны құрудағы функционалдық міндеттері айқын жазылмаған. Инклюзивті саясатты әзірлеу де ерекше білім беруді қажет ететін балаларды табысты оқытудың басты шарттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының саясаты барлық азаматтардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени мәртебесіне қарамастан тең дәрежеде сапалы білім алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жылдары елімізде инклюзивті саясат қарқынды дамып келеді, бірқатар құжат ратификацияланды, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. Әрине, бұл құжаттардың барлығы еліміздің барлық балаларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін маңызды мәнге ие. Бірақ, шешуді талап ететін кейбір мәселелер де жоқ емес. Ұлттық білім беру деректер қоры мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған ЖАО-ға ведомстволық бағынысты күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің үлесі 2018 жылғы 60%-дан 2020 жылы 75%-ға дейін, яғни15%-ға ұлғайғанын көруге болады.  Сонымен қатар инклюзивті білім берумен қамтылған ерекше білім беруді қажет ететін, оның ішінде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың үлесі өңірлер бөлінісінде айтарлықтай ерекшеленетінін байқауға болады, бұл ретте тек кейбір өңірлердің көрсеткіштері жағдай жасаған мектептер үлесінің және инклюзивті білім берумен қамтылған балалар үлесінің көрсеткіштері бойынша салыстырмалы түрде жақын.

Мұндай жағдайдың ең ықтимал себебі – білім беру ұйымдарының ҰБДҚ деректерін толтыру кезіндегі нақты критерийлердің болмауы. Осыған байланысты инклюзивті білім беру индикаторларына сәйкес бірқатар критерийлерді нақтылау қажет екені анық. Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті саясат пен инклюзивті мәдениет негізінде инклюзивті практиканы дамыту қажет. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру процесіне қосу процесін инклюзивті педагогиканың негізгі принциптерін терең түсінбей және сақтамай тиімді іске асыру мүмкін емес.

Білім берудің инклюзивті тәжірибесін дамыту үшін бірден іске аспайтын жүйелі құрылымдық өзгерістер қажет. Бірақ олардың ішіндегі ең күрделісі – педагогтің психологиясынан бастап (ең қиыны) экономикалық және қаржылық негіздерге дейінгі бүкіл жүйенің жұмыс істеуі үшін адамдардың кәсіби ойлауы мен санасындағы өзгерістер. «Сыныбыңыздағы кейбір білім алушылардың оқытудағы қиындықтарының себептерін анықтау үшін кәсіби біліктіліктеріңіз жеткілікті ме?» деген сұрақ бойынша 69% респондент «иә, жеткілікті» деп жауап берсе, 25% «жартылай, себебі қосымша қолдауға мұқтажбын» деп жауап берді. Респонденттердің 6%-ы оқытудағы қиындықтарының себептерін анықтау үшін кәсіби біліктіліктері жеткіліксіз екендіктерін білдірді. Қазақстанда әлемнің дамыған өзге елдері секілді мемлекеттің білім беруді дамыту саласындағы маңызды міндеті – әрбір баланың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Бірінші кезекте, педагогтер барлық білім алушыларды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік міндет балалардың ешқайсысын жоққа шығармайтынын түсініп, қабылдауы қажет. Инклюзивті білім беру барлық балалардың жеке мүмкіндіктерін кеңейте түседі, адамгершілікке, төзімділікке баулиды, құрдастарына көмектесуге дайын болуға көмектеседі. Мектептегі инклюзия қоғамдағы инклюзияның көрсеткіші болып табылады. Сол себепті инклюзивті білім беру балалардың әртүрлілігін қабылдаудан, балалармен жұмыс істеуге, олардың ерекше қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін анықтауға дайындықтан, олардың отбасыларымен жеке білім беру маршрутын құрудан, мұндайда баланың толыққанды әлеуметтік кірігуі үшін қажетті мамандар мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан сыртқы қолдауды қамтамасыз етуден басталуы тиіс. Барлық педагогикалық қауымдастық,білім беру жүйесі, ата-аналар жас ұрпақ тығыз байланыста дамитын мәдени құнарлы қабатты құруы тиіс. Мектептегі инклюзивті мәдениетті дамыта келе барлығына бірдей жоғары инклюзивті мәдениетке ие қоғамды қалыптастыруға талпыну қажет.