МАҚТААРАЛДА 100 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

354

Мақтаарал ауданында Т.Әубәкіров атындағы №43 жалпы орта мектептің қосымша 100 орындық жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Асанхан Қошқаров Мақтаарал ауылдық округі Игілік елдімекенінің тұрғындарының қуанышына ортақтасып қайтты.

Т.Әубәкіров мектебінің негізгі ғимараты 1977 жылы 350 оқушыға арналып салынған. Қазіргі таңда мектепте 650 оқушы білім алады. Ауыл тұрғындарының көбейуі және оқушылар санының артуына байланысты қосымша ғимарат қажеттілігі туралы тұрғындар аудан әкімі Бақыт Асановқа шағымданған болатын.

Аудан басшысының тікелей бастамасымен 377 миллион теңге қаржы қаралып, мердігер «Таймас Company» ЖШС-і тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, мектеп айналасын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары атқарылып, балалардың спортпен айналысуы үшін футбол және волейбол алаңдары салынған.

Қосымша ғимарат 2 қабаттан тұрады. Ғимаратта жедел саты жұмыс жасайды. Мұнда заманауи үлгіде химия, информатика, биология, тарих кабинеттері, мұғалімдер кабинеті және кітапханасы бар.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында осымен екінші мектеп ғимараты пайдалануға беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы бір мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.