ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ 16-ШЫ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

336

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен жетінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың он алтыншы сессиясы өтті.

Сессия отырысында салалық басқармалардың қаланы көгалдандыру, инфрақұрылымын дамыту және бағаны тұрақтандыру бағытында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сонымен қатар, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғ.Ильясов «Шымсити», «Тұран» және «Сәуле» шағын аудандарына салынатын саябақтардың бүгінде жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын және осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілетін Еңбекші ауданындағы 12-ші шағын ауданда 1,6 га болатын саябақтың құрылысы басталғанын мәлім етті.

Сонымен бірге сала жетекшісі өткен жылы аудан әкімдіктерімен 75,5 мың дана, жасыл белдеуге 200 мың дана, саябақтар мен гүлзарларға 10 мың дана ағаш көшеттері егілгенін, ал биылғы жылдың көктем айларында жалпы 21 455 ағаш көшеттері отырғызылғанын атап өтті.

Қала инфрақұрылымын дамыту мәселесін баяндаған энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков 2022 жылдың қорытындысымен 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып 11 мыңнан астам адам ауыз сумен, 2 магистралды кәріз коллекторының, 1 кәріз сорғы станциясы және 6 нысанның құрылысы аяқталып, 65 мың адам кәріз жүйесіне қосылатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, жыл қорытындысымен 1 қосалқы станцияның, 8 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылса, табиғи газбен қамту деңгейі 93%-дан 94,7%-ға жеткізу жоспарда.

Жыл басынан Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 116,1 пайызды құрағанын айтқан ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Джанбатыров әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Оның айтуынша, өңірлік тұрақтандыру қорына жергілікті бюджет есебінен жалпы 7,7 млрд. теңге қаралып, кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы 5,7 млрд. теңгеге айналымға қарыз қаражат беріліп, келісім-шарттар түзілген. Жыл соңына дейін қаладағы ірі азық-түлік желілері 115-ке дейін, әлеуметтік дүкендер саны 20-ға дейін және жылжымалы нүктелер саны 10-ға дейін жеткізілетін болады.

Сонымен бірге, құзырлы органдармен бірлесе 10 азық-түлік базардағы делдалдық схемаларды тексеру жұмыстары мен нанның бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында, наубайханаларды төмен бағада ұнмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді.

Сессия барысында қала әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы, Экспорт жөніндегі өңірлік кеңеспен және «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамдары жаңартылды.

Жиын соңында қала басшысы мегаполистің дамуына елеулі үлес қосатын шешімдердің қабылдануына қолдау жасағандары үшін депутаттар корпусына алғыс білдіріп, бірлесіп қаланың өркендеу бағытында нәтижелі жұмыс атқарылатынына сенімді екенін жеткізді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent?lang=kk