АЙМАҚТЫҚ ЧЕМПИОНАТ ЖАЛАУЫН ЖЕЛБІРЕТТІ

459

Алдағы 3 күнде қаламыздың 15 колледжінде студенттер «WorldSkills Shymkent — 2022» аймақтық чемпионаты аясында жарысқа түседі. Яғни 46 мамандық бойынша 176 үміткер бұл сайыста жүлдені сарапқа салады. Колледж студенттерінің ішінен мықтыларды анықтайтын бұл жарыста шәкірттер мына кәсіптік бағыттар бойынша өзара бақ сынасады: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қызмет көрсету саласы, медицина, білім беру т.б.
Осыған орай Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығында» жоғарыда аталған «WorldSkills Shymkent — 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңі ресми түрде ашылды.


Салтанатты іс-шараға «Альянс» тігін фабрикасының директоры Клара Санжарова, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС өкілі Еркін Тасқараев, «Фиркан» ЖШС кадр бөлімінің басшысы Татьяна Бельтсон және тағы да өзге жұмыс берушілер қатысып, жастардың алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжі директорының өндірістік тәжірибе жөніндегі орынбасары Ахмет Шалдарбеков конкурс 4 кезеңнен тұратынын, яғни колледжаралық, қалааралық республикалық және халықаралық кезеңдерге бөлінетінін айтады.
–Осы жарыстан іріктелгендер республикалыққа жолдама алады. Республикадан озып шыққандар Қазақстан атын халықаралық жарыста қорғайды. Бұл чемпионат колледж студенттерінің білімі мен біліктілік тәжірибесін шыңдауға көмектеседі,- деді ол.
«WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. 2015 жылы Қазақстан оған алғаш рет қатысып, жүлделі орын жеңіп алған.
Өз кезегінде аймақтық чемпионаттың жеңімпаздары алдағы 27 мамырда белгілі болады.Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығында» жоғарыда аталған «WorldSkills Shymkent — 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңі ресми түрде ашылды.

«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ