БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 24 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов биылғы жаңа оқу жылында 24 мектеп пайдалануға берілетінін мәлім етті.
«Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі, — деді М.Әйтенов.
Сонымен бірге, қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі