ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ШЫМКЕНТТЕГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫ АРАЛАДЫ ЖӘНЕ М.ӘЙТЕНОВ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

1127

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр қаладағы Жүрек орталығы, емхана мен перзентханадағы медициналық қызмет сапасын бақылап, медицина қызметкерлерімен сұхбаттасты.

Жүрек орталығында болған А.Ғиният кардиохирургия бөлімшесін аралап, емдеу мекемесінің ота жасайтын мүмкіндіктерін көріп шықты. 158 төсекке есептелген қалалық жүрек орталығы алғашқы медициналық көмек нысандарының бірі. Орталық стационарлық түрде мамандандырылған, жоғары технологиялық кардиологиялық, кардиохирургиялық, аритмологиялық, эндоваскулярлық медициналық көмек көрсетіледі.Жыл басынан бері мұнда 3 мыңға жуық науқас емделіп, ашық жүрекке 306 операция жасалды.

Мұнан кейін Денсаулық сақтау министрі қалалық №4 емхананы аралады. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымда 39970 халық тіркелген.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният қалалық перзентханы аралап, ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет барысын көріп шықты. Соның ішіндегі босану палатасы мен жансақтау бөлімшесін аралап шықты.

Айта кетейік, қалалық перзентханада жыл сайын 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалып отыр.

Шымкент қаласы демографиялық өсу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында көш бастап тұр.

М.ӘЙТЕНОВ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов «Аманат» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының VI съезіне қатысқан шымкенттік делегаттармен кездесті.

Кездесуде жастар съез барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар туралы баяндады. Еліміздің әр тарапынан келген белсенді жастармен тәжірибе алмасып келуге мүмкіндік берген партияға алғыстарын білдіріп, өзекті мәселелерді ортаға салды.

Қала әкімі қоғамның қозғаушы күші – жастар болғандықтан, жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

 

—              Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі үміті, сенімді тірегі екенін нақты көрсетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткендей жастар үшін маңызды білім, еңбекқорлық және отаншылдық бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруымыз қажет. Сіздерге артылар үміт пен жауапкершілік орасан. Бүгінгі жастар арасындағы негізгі мәселе болып табылатын жұмыспен қамту, отбасы құндылығы сынды бағытта жұмыс жасаудамыз. Ай сайынғы жастармен кездесу жалғаса береді. Әрдайым жалынды ойларыңыз бен идеяларыңызды қолдауға дайынбыз, — деп сөзін қорытындылады.