ЕҢБЕКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН ЖӘНЕ «ҚИМЫЛДАҒАН ҚЫР АСАР»

402

 

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы  қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті.

Шымкенттік Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында өзінің шағын кәсібін бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкер аяғы ауыр аналарға арналған жастық шығарып жатыр. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан.

– «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар, — дейді С. Құдайбергенова.

Тігіншіліктің бұл түріне ептілік, икемділік, ыждаһаттылық пен сабырлық керек-ақ. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демекші мүмкіншілігі шектеулі болғанына қарамастан, жантақтан ине, жаңқадан түйме жасай білген шебер Сәуленің еңбекқорлығы талайға үлгі болары сөзсіз.

 

«ҚИМЫЛДАҒАН ҚЫР АСАР»

Осы қағиданы ұстанатын қала тұрғыны Азиз Бакибаевтың өз шеберханасы бар. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі.

 – «Атамекен» палатасында  кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені, бұл менің сүйікті кәсібім болатын.  Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді, екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады, — дейді шебер Азиз.

«Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді.

8 тамыздан бастап қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады. Ендеше, кәсіп ашуға ниетті жандарға бизнес-жоспарыңды жүзеге асыруға асық дегіміз келеді.