ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

261

Биыл қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туылғанына 90 жыл толып отыр.

Бүгін атаулы датаға орай, Түлкібас ауданына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы шағын жинақы мектепте Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қордың ұйытқы болуымен «Тұғыры биік тұлға» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияға аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен, ауданымыздың және көршілес Жамбыл облысының белгілі ғалымдары мен жазушылары және аудан зиялылары, мұғалімдер, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды аудандық «Шамшырақ» қоғамдық саяси газетінің бас редакторы М.Қалтаев жүргізіп отырды.

Конференцияның ашылуында аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен алғы сөз алып, келген қонақтар мен аудан тұрғындарын айтулы мерейтойларымен құттықтады.

«Түркі әлеміне қызметі үшін сыйлықтың лауреаты», Абайтанушы, жерлесіміз М.Мырзахметұлы бастаған бір топ ғалымдар мен жазушылар, атап айтсақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры М.Көпбаева, Тараз қаласындағы Шерхантану ғылыми зерттеу орталығының директоры Қ.Тамабаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доцент Т.Мұқашев және ҚР Журналистер Одағының мүшесі Е.Әбдиев ұлы тұлғаның шығармалары мен еңбегі жайында баяндамалар жасады.

«Түлкібасы-тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер»-деген теңеудің авторы Шераға1932 жылы еншілес Түлкібас пен Жуалы аудандары бір аудан болып тұрған шағында өмір есігін Талапты(Жуалы) ауылында ашқан. Сол себептен, көрнекті қайраткерді Түлкібас ауданымен көп нәрсе байланыстырады. Шерхан Мұртазаұлы Оңтүстік өңіріне іссапармен келетін болса, міндетті түрде Түлкібас ауданына соғып кететін болған.

Мерейтойлық жиында келген қонақтарға «Ұлттық құндылықтар-ұлт қазынасы» және «Ұлттық Рухтың жаршысы» атты тақырыпта қол өнер бұйымдары мен кітап көрмесі ұсынылып, мектептің мұражайы таныстырылды.