ОРДАБАСЫ: ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

292

 

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Жыл сайын тамыз айының соңғы аптасында педагог қауымдар бас қосып, өткен оқу жылындағы жаңалықтар мен дайындықтары пысықталады.

Осы орайда, бүгін Ордабасы Аудандық Мәдениет Үйінде «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Алдымен ауданның өнертапқыш оқушыларының әдістемелік көрмесімен басталған шарада өткен оқу жылының жетістіктері бойынша дайындалған бейнеролигі көрермен назарына жол тартты.

«Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесіндегі білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»-деген аудан басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы елді мекендерде бой көтеріп жатқан білім ошақтарына тоқталып, сала қызметкерлеріне сәттілік тіледі.

Педагогтар бас қосқан кеңесте өткен оқу жылына есеп беріліп, жаңа оқу жылының міндеттері айқындалды. Жаңа оқу жылында оқушылар мен ұстаздарды қандай жаңалық күтіп тұрғаны бойынша Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шуга Нурабаева «Жаңа Қазақстанның білім саласындағы жаңалықтары мен өзгерістері» атты баяндамасын оқып, елдегі білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтармен таныстырды.

Шара соңында білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар марапатталды.