БІЛІМ ӘЛЕМІНЕ ЕНДІ ҚАДАМ БАСАТЫН БҮЛДІРШІНДЕР ӘЛІППЕМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШАДЫ

343

 

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Тамыз айының соңғы аптасында педагог қауымдар бас қосып, өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылындағы жаңалықтар пен дайындықтары пысықталады.

Осы орайда бүгін Келес аудандық Әшірәлі Кенжеев атындағы мәдениет үйінде «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Алғашқы сөзді Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев алып, педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар биылғы білім саласындағы атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.

– Биыл өңірімізде білім беру саласында біршама тың өзгерістер орын алғаны баршамызға аян. Білімді де білікті, талантты да талапты Келестік шәкірттеріміздің биік белестерді бағындырғанына куә болдық. Биылғы оқу жылы тың жаңалықтарымен ерекшеленіп отыр. Білім әлеміне енді қадам басатын бүлдіршіндер әліппемен қайта қауышады. Мектептер 5 күндік оқу аптасына толық көшіп жатыр. Мұның бәрі білім саласына оң әсерін тигізеді. Ауданымыздың оң имиджін қалыптастыратын білім саласына қатысты тың ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып жүр. Мәңгілік еліміздің ұрпағы білімді, білікті болуы үшін нақты жоспарлармен нық қадамдар қажет. Әр мұғалімнің шеберлігін шыңдайтын, жас ұрпақтың білімін дамытуға негізделген жаңа жүйенің берері көп-ақ. Барша ұстаздарымыз саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етіп, әрбір ісіміз табыстарға жетелей берсін, — деді аудан басшысы Ақментай Үсенұлы.

Іс-шара барысында 50-ге жуық ауданымыздың білім беру саласына қосқан үлесі үшін білім саласының майталман мамандары мен ұлағатты ұстаздары марапатталды.

Жарыссөзге шыққан ата-аналар қауымдастығының өкілі, Польшаның қос бірдей университетінен грант жеңіп алған шәкіртіміздің анасы Хайдарбекова Манап ұстаздарға алғысын білдірсе, «Айналайын» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы Назым Нұрлыбаевна балабақша мәселесін көтерді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Қамзабекқызы ұстаздарға жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Кеңес соңы концерттік бағдарламаға ұласты.