Жоғары білімді қолдаудың жаңа моделі: ЕҰУ-да эндаумент-қорлардың университет дамуындағы рөлі талқыланды

33

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Эндаументтер. Түлектер. Меценаттар» атты халықаралық форум болып өтті. Университеттің 30 жылдық мерейтойына арналған 30 күндік шараны бастап берген бұл халықаралық форум жоғары білімді дамыту, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды.  

Іс-шараға мемлекеттік қайраткерлер, жоғары білім беру саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, ірі кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері, меценаттар, сондай-ақ университеттің түлектері мен студенттері қатысты. 

Ауқымды  жиынды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үрмелі оркестрі өнер көрсетіп, мәдени бағдарламамен ашып берді. 

Форумның ашылуында университеттің ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, биылғы жылдың оқу орны үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. 

«Бүгін біз университеттің мерейтойына арналған 30 күндік марафонымызды бастаймыз және оны «Эндаументтер. Түлектер. Меценаттар» атты алғашқы ірі форуммен ашудамыз. Бұл форум бүгін біздің университетте Америка Құрама Штаттарынан келген делегацияның қатысуымен өтуде. 

2026 жылы 23 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы жылдар ішінде ЕҰУ Қазақстанның жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының біріне айналып, елімізден тыс жерлерде де кеңінен танылды. Бүгінде біз университеттің басты капиталы әрдайым оның адамдары – оқытушылар, ғалымдар, қызметкерлер, студенттер, түлектер, серіктестер мен достар болғанын және солай болып қала беретінін ерекше айқын түсінеміз», — деді ректор.

Сондай-ақ Ерлан Сыдықов форумның халықаралық сипатта өтіп жатқанын айта келіп, Миннесота университеті мен Қазақстан эндаумент-қорлары қауымдастығы тарапына бірлесіп ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, шетелдік тәжірибе, әсіресе АҚШ университеттерінің үлгісі, эндаумент-қорлар арқылы білім мен ғылымды тұрақты қаржыландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ректор қазіргі таңда университет тек білім беру мекемесі ғана емес, сонымен қатар ғылым мен қоғамдық ойдың орталығы, болашақ көшбасшыларды даярлайтын маңызды алаң екенін қадап айтты. Осы тұрғыда эндаумент-қорлар, донорлық қолдау және меценаттық институттарды дамыту – жоғары білім жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып отырғанын жеткізді. 

Сонымен қатар, Қазақстан үшін бұл бағыттың стратегиялық маңызға ие екенін айтқан ол, университеттердің алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында білім сапасын арттыру, ғылым мен инновацияны дамыту, халықаралық ынтымақтастықты күшейту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру бар. 

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін ҒЖБМ аппарат басшысы Мадияр Қожахмет жеткізді. Министр өз құттықтауында жоғары білім беру жүйесін дамытудағы жаңа тәсілдер мен стратегиялық бағыттарға тоқталған. Қазіргі жаһандану жағдайында университеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек білім сапасымен ғана емес, сонымен қатар олардың қаржылық тұрақтылығы мен академиялық еркіндігіне де байланысты екенін атап өтті. Осы тұрғыда эндаумент-қорларды дамыту – жоғары оқу орындарының ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі екені айтылған.

Астана қаласы әкімінің орынбасары, университет түлегі Евгений Глотов қала әкімдігі тарапынан жоғары білім беру саласын қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде, ғылым мен өндірісті ықпалдастыру, университеттердің отандық серіктестермен байланыс аясын кеңейту секілді басымдықтар бар.

Келесі кезекте сөз алған Америка Құрама Штаттары Миннесота университетініңхалықаралық бастамалар жөніндегі департаменті директоры Марина Алексио эндаумент мәдениеті дамыған елдер тәжірибесіне назар аударып, мұндай қорлар ғылымды, инновацияны және талантты жастарды қолдауда ерекше рөл атқаратынын, бұл университеттерге қосымша қаржыландыру көздерін қалыптастырып қана қоймай, түлектер, бизнес және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, осы бағытты жүйелі түрде дамыту – уақыт талабы.

Форум барысында ЕҰУ стртегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов форумның маңыздылығына тоқталып, мұндай алаңдар тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестіктер орнатуға және нақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Ол эндаумент-қорлар жүйесін дамытуда түлектер тарапынан қолдау жалғасатынын және бұл бағытта бірлескен күш-жігердің нәтижелі болатынына сенім білдірді, ол сонымен қатар еліміздің жоғары білім беру жүйесінің сапалы дамуына серпін беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанның эндаумент-қорлар Ұлттық қауымдастығының Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Фархад Қуанғанов, ЕҰУ түлегі, меценат, ENU Endowment Fund Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «The Akan Building» құрылыс компаниясының негізін қалаушы Бақытжан Ақан, Миннесота университетінің Білім беру және адам дамуы колледжінің даму жөніндегі директоры Сьюзан Холтер, тағы басқа қатысушылар баяндама жасады.

Іс-шара соңында Қазақстан Республикасының эндаумент-қорлар қауымдастығын құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, ENU Endowment Fund 2022 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлектері тарапынан құрылған. Қордың мақсатты капиталы қол сұғылмайтын болып табылады және жинақтау сипатына ие. Қаржыландыру тек инвестициялық табыс есебінен жүзеге асырылады. Қордың құрылтайшылары дарынды әрі әлеуметтік қолдауды қажет ететін студенттерге қолдау көрсетіп, білім алушылардың ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметін дамытуға ықпал етеді.