АУДАН ӘКІМІ БАБАЙҚОРҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

295

Бүгін Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков 2022 жылдың 9 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Бабайқорған ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.

Осыған орай, Бабайқорған ауылдық округіне барған аудан әкімі Ғани Құрмашұлы кездесуде аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Сонымен қатар, бұған дейін 3-ші тоқсанда өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер бойынша атқарылған және атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан жер, жол, мектеп, тас арық салу, аялдама орнату, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі, елді мекендерді жарықтандыру, аяқ жол, камера, көпірді жөндеу, табиғи газ, қалаға қатынайтын автобус, аурухана, жедел жәрдем көлігін қамтамасыз ету тағы басқа көптеген мәселелерді көтерді. Аудан әкімі тұрғындардың мәселелерін мұқият тыңдап, әрбір сұраққа жан жақты жауап берді. Ауыл тұрғындары аудан әкімі Ғ.Рысбековтің атқарып жатқан жұмыстарына алғыстарын білдіріп, алдағы жұмыс жоспарына табыс тілесті.