АУДАН ӘКІМІ ШОРНАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков 2022 жылдың 9 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Шорнақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.
Шорнақ ауылдық округі жұртымен кездескен аудан әкімі Ғани Құрмашұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және оның ішінде аудан орталығы Шорнақ ауылдық округі бойынша кеңінен тоқталып өтті. Бұған дейінгі өткен кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша айтып, алдағы уақытта шешімін табатын мәселелерді тілге тиек етті. Шорнақ ауылдық округінің Аша елді мекеніне алдағы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектеп салынатын болады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, орталыққа аурухана салу, аялдама, қоқыс жәшіктерін орнату, тазалықшылардың жалақысын көтеру, жер мәселесі, көшелерге асфальт төсеу тағы да басқа мәселелерді алға тартты. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғани Құрмашұлы барлық сұрақтарға толымды жауап беріп, тиісті бөлім тарапынан жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.