ЕЛДЕ БОЛСА, ЕРІНГЕ ТИЕДІ
Еңбекші ауданында өзіндік ерекшеліктер орын алуда. Оны шымкенттіктер байқап та жүрген болар. Көп қабатты үйлердің аулаларындағы бастырмалар өзіндік дизайнмен салынып, «Еңбекші» деп жазылған. Бір қарағанда қарапайым дүние, әрине. Дегенмен, қай аудан аумағында жүргеніңізді бірден еске салады.
Жуырда аудандағы көшелерге сәкілер орнатыла бастады. Тіпті, бұрын-соңды болмаған жерлерде орындықтар пайда болып, жаяу жүргіншілер бір сәт отырып, тынығып алуға жағдай жасалды. Жалпы, Шымкенттегі көлемі жағынан үшінші саналатын аудандағы өзгерістер туралы аудан әкімі Досбол ЕСІЛБЕКТЕН сұрап-білген едік.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ИГІЛІГІ
– Еңбекші ауданы үшінші мегаполистегі өндірістік аудан саналады. Қаладағы ірі өндіріс орындары мен индустриалды аймақтар біздің ауданда орналасқан, – дейді Досбол Күздікбайұлы. – Атап айтсақ, Еңбекші ауданында «Оңтүстік» және «Ордабасы» индустриалды аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар. Оған қоса 20 359 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. 313 мыңнан астам адам тұратын ауданның аумағы 20 660 гектарды құрайды. 19 шағынаудан және Сайрам, Төлеби аудандарынан қосылған 16 тұрғын алап бар.
Осыншама елді мекенге қалалық коммуналды инфрақұрылымның игілігі қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта аудан бойынша ауқымды жұмыс атқарылған, дейді әкімдік өкілдері. 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Көрсеткіш жаман емес. Аудан тұрғындарының 94,5 пайызы – ауыз сумен, 99 пайызы – электр жарығымен, 90,7 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген.
– Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 57 пайызды құрайды. Мұның бір себебі – аудандағы үйлердің көп бөлігін жеке үйлер құрайды. Дегенмен, қол қусырып отырмай, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Ал қалған инфрақұрылымды алдағы уақытта жүз пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту туралы 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен нақтыланып, бекітілді. Ол бойынша қалаға қосылған 6 елді мекендегі жаңа құрылыс аймақтарын ауыз сумен қамту жұмысын мердігер «Сарыағаш-Аман» ЖШС жүргізеді. Қазіргі таңда Қарабастау тұрғын алабының жаңа құрылыс аймағында құрылыс басталды. Жоба 2023 жылға өтпелі. Жалпы, аудандағы абоненттер ауыз сумен 2023 жылы 100 пайыз қамтылады деп күтілуде. Сонымен қоса, аудан бойынша жеке электр жүйесімен қамтылған және қамтылмаған аудандарды сапалы электр қуатын тарту мақсатында жаңа электр желісі тартылып, әр үйді абоненттеу жүргізілуде. Жыл қортындысымен сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 99,8%-ға жеткізу жоспарда бар. Қалған Қарабастаудың жаңа құрылысындағы 120 абонентті қамту жұмыстары 2023 жылы жүргізіліп, аудан аумағы толық сапалы электр желісімен қамтылады, – деді Досбол Күздікбайұлы.
Аудан әкімінің мәліметінше, табиғи газ жүйесі жеткізілмеген 6 149 абонентті мемлекеттік газ желісіне қосу 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілген. Жалпы аудан бойынша 2025 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
АУДАННЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Еңбекші ауданында жергілікті әкімдік пен тұрғындар арасында тығыз байланыс орнаған. Мұны қала әкімі Мұрат Әйтенов те айтып отыр. Аудан халқы мен әкімдігі бірлесіп жұмыс істеп, ұйымшылдық танытуда.
– Қазіргі таңда қала тұрғындарының ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99 пайызды құраса, 2023 жылы 100 пайызға жеткізілмек. Электр энергиясымен қамтамасыз ету көрсеткіші де дәл осындай. Ал табиғи газ пайдаланатын тұрғындар саны биыл 94,7 пайызды құрап отыр. 100 пайызға 2025 жылы қол жеткіземіз деген жоспар бар. Бұл тұста тұрғындар да көмек беріп, өзекті мәселелерді бірге анықтап, кейін сол нысандарды күтіп-ұстаса, жақсы болар еді. Осы орайда Еңбекші ауданының тұрғындары ұйымшыл келеді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Тығыз байланыс орнағынының бір мысалы жоғарыда айтып өткен бастырмалар мен сәкілерден көрініс тауып отыр. Айтпағымыз – сол орындықтардағы жазу.
– Бұл ерекшелікті ауданымызда 2020 жылдан қолға ала бастадық. Жиындар барысында тұрғындар ауданымыздың бір ерекшелігін көрсетейік деген бастама көтерген болатын. Жауапты мамандар ақылдаса келе, дизайнын ойластырдық. Мемлекеттік сатып алу конкурсының техникалық сипатына енгіздік. Содан кейін мердігер бұйымдарға жазып шықты. Тұрғындарға ұнады, осылайша ауданымыздың бір ерекшелігі болып тұр, – дейді Досбол Күздікбайұлы.
Қазіргі таңда ауданның ғана емес, Шымкент қаласының көркіне көрік қосып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың бір бөлігі ретінде әр шағынауданның төлқұжатын орнату ісі қолға алынған. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов төрт аудан басшысына тапсырма берді. Бұл тұста да Еңбекші ауданы алғашқылардың бірі болып, тақтайшаларды орнатып үлгерді. Ол төлқұжатта шағынаудан туралы нақты мәліметтер жазылып, көпшілік орындарға орнатылған. Қала тұрғындары немесе қонақтары өздерінің қай ауданда жүргені туралы біліп, мәліметтерге қаныға алады. Қолайлы, түсінікті, көрнекі. Гаджеттен қол үзбейтін жастарға QR-коды да бар.
АБАТТАНДЫРУ
Еңбекші ауданындағы көп қабатты 651 үй 435 аулаға біріктірілген. Бұл аулалар 2011-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен абаттандырылған. Ал былтырдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда.
– Яғни, тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына қатысады. Өздеріне қажет деп саналатын жобаны жүзеге асыру туралы ойларын білдіреді. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулаларды абаттандыру жұмысының көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. Мысалы, былтыр көп қабатты 41 үйдің ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылса, биыл 52 үйдің аулаларын абаттандырылды және жеке секторда кешенді 6 балалар ойын алаңшасы салынды. Ал ІІ кезең бойынша көп қабатты 21 үйдің ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшасын құру жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудан әкімі.
Ал 2023 жылы көп қабатты 20 үйдің ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнатуға сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылды. Одан бөлек 138 жоба бойынша жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұған қоса, ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа баулу мақсатында 2011-2021 жылдары 103 ашық спорт алаңшасы орнатылған. Биыл 4 спорт алаңша орнату және 5 спорт алаңшасын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Нысандар қараша айында пайдалануға тапсырылады деп күтіліп отыр.
ҚОЛ БОСТА ҚЫДЫРУҒА
Еңбекші ауданы аумағында 1 саябақ пен 3 гүлзар бар. Біреуі – таяуда жаңадан ашылған гүлзар. Дегенмен, 11-шағынаудандағы бұл жаңа демалыс орны гүлзардан асып, саябақ деп атауға да болатындай. Аумағы – 1,6 гектарды құрайды, бірнеше көп қабатты үйдің аулаларын біріктіріп, ортақ композиция құрап тұр.
Ашылу салтанатына қала әкімі мен жергілікті тұрғындар қатысты. Мұрат Дүйсенбекұлы саябақты аралап танысып, тұрғындармен тілдесті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен қаламызда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Міне, соның бірі – жаңа гүлзар ел игілігіне беріліп отыр. Мұның барлығы – сіздер, тұрғындар мен балалар үшін. Ендігі мақсат – осы ортақ мүлікті күтіп ұстаса, қамқорлық таныту керек, – деді Мұрат Әйтенов.
Тұрғындар қалада абаттандыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға алғыс айтып, ақ жаулықты аналар бата берді. Қала әкімі бастаған қонақтар гүлзар аумағына тал көшеттерін екті.
Жаңа гүлзар ерекше үлгіде салынған. Жауапты мамандар, бұл демалыс орны, әсіресе кешкі уақытта әсемдене түседі дейді. Мұнда амфитеатр, субұрқақтар, шахматқа арналған алаң, велосипед және көлік тұрағы, үстел теннисіне арналған алаң, тренажерлар, баскетбол және футбол алаңдары, арқан паркі қарастырылған. Бас мердігер – «Импульс» ЖШС құрылысты 9 айда аяқтап отыр.
Бұған қоса, алдағы уақытта 17 шағынаудандағы гүлзардың Шаяхметов көшесі жағындағы тұсы абаттандырылады деген жоспар бар.
Нұрлан БЕКТАЕВ