ҚАЛА ӘКІМІ ЖАНДОС ТАСОВ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫМЕН ОҚУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

459

 

Бүгін еліміздің барлық аймағында жаңа оқу жылы бастау алып, алғашқы қоңырау соғылды. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов №19 Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебіне болып, оқушыларды білім күнімен құттықтады.

Қала басшысы жас білімгерлердің игілігі үшін жасалынып жатқан қамқорлықтарға тоқталып, сол қолдаулардың арқасында білімдерін толықтырып, жаңа белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді. Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Оның ішінде Кентау қаласында да көптеген оңды істер атқарылуда.

Биыл Кентау қаласында бірінші сыныпқа барған оқушы саны өткен жылдан еселенген. 1995 жас білімгер мектеп табалдырығын аттады. Кентау қаласы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 33 бірлікті құрайды.

Жаңа оқу жылына арналған салтанатты жиында оқушылар ән шырқап, білім ұяларына арналған өлең жолдарын тарту етті. Жоғарғы сынып оқушыларыммен бірге бірінші сынып жастары алғашқы қоңырауды соқты.

Айта кетейік, өткен жылы қала бойынша 844 түлек мектеп бітіріп, 726 оқушы ҰБТ-ға қатысты. ҰБТ нәтижесінде жалпы орта балл 73,9 баллды құрап, 72 оқушы «Алтын белгі»,40 оқушы «Үздік аттестат» алды. Биылғы бітіруші түлектердің 412-ы мемлекеттік грантқа, ал 2 оқушы шет ел мемлекеттерінің жоғарғы оқу орындарына түсті. Қазіргі таңда мемлекеттік грантқа түскен оқушылардың үлесі 57% құрады.