ТҮРКІСТАННАН ҚОСТАНАЙҒА 100 ТОННАДАН АСА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖӨНЕЛТІЛДІ

249

Қостанай облысында төтенше жағдай орын алған сәттен Түркістан облыстық Жастар Ресурстық орталығының жанынан жедел штаб құрылып, барлық 17 аудан, қалалық Жастар ресурстық орталықтарында гуманитарлық көмектер қабылданды. Нәтижесінде Қостанай облысына бүгінге дейін 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Аталған шараға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этно-мәдени бірлестіктер, облыстық Қазақстан студенттер Альянсы белсенділері, «Jas Qadam» жастар ұйымы, «Көзқарас» ұйымы белсенділері, облыстық «Аманат» партиясының, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мүшелері де ерекше атсалысты.

Алғашқы күннің өзінде аудан, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттармен қамтып үлгерді.

Бір тәуліктің ішінде Мақтаарал ауданы, Арыс және Түркістан қалаларынан жалпы 3 жүк көлік гуманитарлық көмек жиналып, Қостанайға жолға шықты.

Бүгін, облыстық Қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық Жастар ресурстық орталығы, Қоғамдық келісім мекемесінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен азық-түлік өнімдері, ауыз су, жеке гигиеналық заттар және төсек-орын жабдықтарын қосқанда 23 тонна гуманитарлық көмек жинақталып, Қостанай облысына жөнетілді.

Аталған көмекті Қостанай облысына дейін жеткізу өңірдегі Жастар Ресурстық орталықтарының басшылары, облыс белсенділеріне жүктелді.

Айта кету керек, өңірдің 10 белсенді жасы апатты қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында жолға шыққан болатын.