ТҮРКІСТАН: МАҚСАТЫНА САЙ ПАЙДАЛАНЫЛМАҒАН ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛЫП ЖАТЫР

216

Түркістан облысында 1 млн. гектар жайылымдық жерді мемлекетке қайтару міндеті қойылған. Ортақ жайылым жыл басынан бері 639,6 мың га жермен толықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан және жеке меншікке жазсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат – ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Ортақ жайылым көлемін ұлғайту жұмыстарының барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында баяндалды. Жер учаскелерін қайтару жұмыстары Отырар, Сауран ауданымен Арыс қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бәйдібек, Қазығұрт, Шардара аудандарында жұмысты ширату қажет.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, жұмысшы топ тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, өңірде 476,2 мың га жайылым жерлер мақсатына сай пайдаланылмағандығы анықталған. Жер пайдаланушыларға хабарлама берілген. Мақсатына сай пайдаланылмаған жерлер мемлекетке қайтарылады.

Аппарат отырысында облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жоспарланған жұмыстары туралы талқыланды. Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17509,5 шақырымды құрайды. Биыл құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 779 нысан н/е 2000 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл қорытындысымен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 87%-дан 92%-ға арттыру жоспарлануда.

Битум тапшылығы мен нарықтағы бағасының күрт қымбаттауы жол жөндеу жұмыстарына тұсау болуы мүмкін. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәлімдеуінше, кен орындар, карьерлер орналасқан аумақтардан облыстық маңызы бар 1000 шақырымға жуық автомобиль жолдары арқылы ауыр жүк көліктері қатынайды. Бұл жолдардың мерзімінен бұрын жарамсыз жағдайға жету қаупі артуда. Сондықтан балама жолдарға автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату ұсынылды. Карьерлерге таразы орнатылуын міндеттеу де маңызды.

Облыс әкімі жол жөндеу мәселесінің стратегиялық маңызы бар екеніне тоқталып, осы саладағы жұмысты ширата түсуді тапсырды.