ТАЗАЛЫҚ – БАРШАҒА МІНДЕТ

253

Аудан әкімі Уласбек Садибеков тиісті басшылармен бірге Ақсукент ауылдық округінің әкімшілігінен бастап, Жібек жолы даңғылы бойымен өтіп, Абылай хан алаңына дейін жаяу жүріп аралады.

Бірінші кезекте ауылдағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарына назар аударып, Ақсукент ауылдық округінің әкімі А.Бөрібеков және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Б.Бейсембаевтарға соңғы екі айда көше бойлары мен қоғамдық орындарда тазалық мәселесі ақсап тұрғанын ескертті. Оған қоса, көгал жерлерде суару жүйесінің істемей жатқанын сынға алды. Аудан орталығы басқа ауылдарға қарағанда тазалық жағынан үлгі болуы тиіс, сонымен қатар көше мәдениеті алдымен тазалықтан басталатынын түсіндіріп, бірауыздан жұмыла атқаратын іс екенін тілге тиек етті.

Айта кетелік, Ақсукент ауылдық округіндегі және басқа елді мекендердегі санитарлық тазалық мәселесі әкімдікте өтетін апталық мәжілістерде жиі талқылануда. Сонымен қатар, аудан аумағында тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және аялау мақсатында аудан әкімінің бастамасымен ашылған «Парасат» пікірталас клубының VIII отырысында және «Ауыл – Ел тірегі» жобасы аясында өтіп жатқан онкүндік іс-шараларда кеңінен қаралып, ұдайы насихатталып келеді.

Аралау соңында халыққа қызмет көрсететін мекеме мен кәсіпкерлік нысан көп болғандықтан, жауапты басшыларға тазалық жұмыстарына немқұрайлы қарамай, керісінше шұғыл түрде жұмысты ширата отырып, бақылауға алуды тапсырды.