МАҚСАТ — ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ
Бүгін Ордабасы ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 28-ші сессиясы болып өтті.
Сессияға аудандық мәслихаттың хатшысы Қасымбай Әбдіхалық төрағалық етті.
Халық қалаулылары бас қосқан сессияға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов қатысып, халықтың әл-ауқатын, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған, алдағы уақытта атқарылуы жоспарланған бірқатар жұмыстар туралы баяндады.
— Ауданға әкім болып келген бойда осындағы 57 елді мекеннің барлығын аралап, мәселелермен таныстым. Шешуді қажет ететіндері өте көп. Тұрғындар тарапынан көтерілген бірнеше мәселе назарға алынды. Сондықтан 2023-2027 жылдарға арналған ауданның әлеуметтік дамуының кешенді жоспарын әзірледік. Бес жылдық кешенді жоспардағы мәселелерді шешу үшін 152 млрд.тг.астам қаржы қажет екені анықталды. Президент қыркүйектің басындағы халыққа арнаған Жолдауында елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдары, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған, мемлекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеуметтік қолдау шараларына қатысты жаңа міндеттер қойған болатын. Сондықтан, ауданымызда халықтың тарапынан көтеріліп отырған ауыз су, газ, жол, ағын су, тұрғын үй және т.б. сияқты мәселелерді кезең-кезеңмен шешуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз, — деген аудан басшысы депутаттарды халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кейбір мәселелерге өз үлестерін қосуға шақырды.