КЕЛЕС: ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУҒА ЖОЛ БАСТАҒАН ЖОЛДАУ

621

Бүгін, аудан орталығы Абай ауылында орналасқан №13 колледждің мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауға арналған жиын өтті. Жиынды Келес ауданының әкімі Есбаев Ақментай Үсенұлы ашып, жүргізді.

Актив жиынына аудан прокуроры Сейфолла Бақыт Сабырханұлы, аудандық мәслихат хатшысы Тотиков Арын Орынбекұлы, облыстық мәслихат депутаты Шеримов Ролан , аудандық Саяси кеңестің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл және ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Жұмабеков Ахмет Әбдраманұлы және Келес ауданының прокуроры Сейфулла Бақыт Сабырханұлы Жолдауда қарастырылған бес бағдар: экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң мен тәртіп туралы бағыттар жайлы баяндама жасады.

Жарыссөзге шыққан жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Искендеров Досжан Бауыржанұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кешегі Жолдауын елімізде жүргізіліп жатқан оң бетбұрыстардың шын мәнінде халық үшін, осы елдің азаматтары үшін жасалып жатқанын, өзінің жеке меншік мектеп ашқанын мақтану үшін емес, керісінше, әрбір кәсіпкерді осындай сауапты істермен айналысуға, еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға, оқушыларымыздың заманауи білім алуына жағдай жасауға, педагогтарымыздың мәртебесін көтеруге шақырғысы келгенін айтып, бұл Жолдау — Жаңа Қазақстанды құруға жол бастаған Жолдау деп сөзін аяқтады.

«AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Мархабай Нариман Әбубәкірұлы Президент Жолдауда «Біздің күшіміз – жастардың білімінде» деп, жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екендігін айтқанын, ол үшін әрбір жастың, әрбір қазақстандықтың бойында Отанын сүю, елі мен жерін қорғау сияқты отаншылдық пен отансүйгіштік қасиеттер болу керек деген ойын жеткізді.

Аудандық мәслихат депутаты Манахова Ғалия Қанағатқызы Жолдауда Ел Президенті «Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет» деген сөзі еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуді, реформалардың қазіргі қарқынын сақтауды, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешудің маңыздылығын жеткізгенін айтып, Ел үшін де, партия үшін де сындарлы сәт болып табылатын алдағы Президенттік және Парламенттік сайлауларға партия өзінің барлық күшін мобилизациялап, дайындалу керектігін айтып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын Келестік аманаттықтар толық қолдап, қуаттайтынын жеткізді.

Жиынды қорытқан Келес ауданының әкімі А.Есбаев Жолдауда Мемлекет басшысы саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс екенін айтып өткенін, Мемлекет, Азамат, Бизнес арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертуге үлкен мән берілгенін айтып, «Жолдаудағы басым бағыттар мен оңды өзгерістер «Жаңа Қазақстан» құруға деген үлкен талпыныс, зор мүмкіндікке ие Әділетті Қазақстан құрудағы нақты қадам болатыны сөзсіз» — деді.