МАҚТААРАЛДА ФУТБОЛДАН ЖАСТАР АРАСЫНДА АУДАН ӘКІМІНІҢ КУБОГЫ ӨТТІ
Мақтаарал ауданында футболдан жастар арасында «Спорт сенің серігің» атты ұранмен аудан әкімінің кубогы өтті.
Жыл басынан бері турнирге 300-ден астам команда, 1500-ден астам жастар қатысып, елдімекендерден, округтерден іріктеліп келген 20 команда үлкен алаңда бақ сынасты.
20 команданың 11-і кенттер мен окрутерден іріктеліп келген neet санатындағы жастардан құралған болса, қалған 9 команда құқық қорғау органдарынан, мемлекеттік мекемелерден және мешіт жамағатынан құралған командалар болды.
Жарыстың ашылу салтанатына аудандық соттың төрағасы Қ.Мұсаев, аудан әкімінің орынбасары А.Ешанқұлова, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қ.Сатыбалдиев, «Amanat» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының атқарушы хатшысы М.Сәрсенов, аудандық мәслихаттың депутаттары М.Әжіқабылов пен С.Кенжебаевтар қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
«Дені сау ұрпақ қалыптастыруда жастарымызды, жасөспірімдерімізді спортқа жаппай тартудың маңызы өте зор. Өздеріңізге белгілі, ауданымызда бұқаралық спорттың, кәсіби спорттың дамуына аудан басшысы әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі жарыс та тікелей аудан басшысының бастамасымен өтіп отыр. Сондықтан, барлықтарыңызға тек жеңіс тілеймін!» — деді Алтын Күнтуқызы.
Айта кетейік, жарыстың қорытындысы бойынша I орынды Шекара басқармасының командасы жеңіп алып, аудан әкімінің кубогына ие болды. Сондай-ақ, II және III орынға мешіт жамағатының командалары жайғасты. Барлық командалар бағалы сыйлықтармен, аудан әкімінің диплом, алғыс хаттарымен марапатталды.