Шымкентте 2,5 мың адам есірткі жарнамасын жоюға атсалысты
Қалалық полиция департаменті, Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент – есірткісіз қала» науқанын өткізді.
Іс-шараға жалпы 2500-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде полиция қызметкерлері, прокуратура, қала жастары, аудан әкімдіктеріне қарасты коммуналдық мекеме жұмысшылары, нарколог-дәрігерлер, спортшылар, еріктілер мен партия өкілдері де бар.
«Астана» алаңында арнайы жиналған қатысушыларға іс-шараның мақсаты мен маңыздылығын жеткізіліп, нұсқамалар берілді.
Шара барысында есірткі жарнамаларын анықтап жою бойынша жұмыстар атқарылды. Көшеаралық, аулааралық қарау жүргізіліп, тұрғындарға есірткі қылмыстарын жасағаны үшін заңды жауапкершілікті ескерту, азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара қорытындысымен 2332 граффити бояу түріндегі есірткі жарнамаларының, олардың интернет желісіндегі сілтемелерінің атаулары жойылды.
Акция барысында полиция қызметкерлері мен белсенді жастардың қырағылығының арқасында есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар да анықталды.
Мәселен, Қаратау және Тұран аудандарын аралау жұмыстарын жүргізу барысында жергілікті тұрғындардан есірткіге ұқсас заттар табылып, полиция қызметкерлерімен тәркіленіп алынды.
Сонымен қатар, іс-шарада интернет-алаяқтықты ескерту мақсатында арнайы жадынамалар таратылды. Тұрғындармен кері байланысты нығайтып, құқық бұзушылықтың кез-келген түріне «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру мен қоғам арасында есірткіге қарсы теріс көзқарас орнату бағытында жұмыстар атқарылды. Полицейлер қала аумағында есірткіге қарсы жұмыстарды өткізу мен оған тиімді тосқауыл қою бойынша іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.