СҮНДЕТ КЕНЖЕБАЕВ МАҚТААРАЛДЫҚТАРДЫҢ АМАНАТЫН ҚОСТАНАЙЛЫҚТАРҒА ЖЕТКІЗДІ

228

Мақтаарал ауданының тұрғындары 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинап, Түркістаннан Қостанайға бағыт алған облыстың үлкен жүк керуеніне қосылған болатын.

Мақтааралдықтардың аманатын арқалаған аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Сүндет Кенжебаев оңтүстіктен барған жүк керуендері 7-қыркүйек күні апат орын алған Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Аманқарағай елдімекеніне жетіп барғанын хабарлады.

Жүктің барлығы да ескі қазақ мектебінде ұйымдастырылған қоймаға еріктілердің көмегімен түсіріліп, қостанайлықтарға табысталған. Аманқарағай ауылдық округінің әкімі Байтемір Исмайлов ағынан жарылып, толассыз келген көмектер үшін Түркістан облысының жұртшылығына, оның ішінде мақтааралдықтарға арнайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар да ризашылықтарын жеткізді.

Түркістан облысынан барған еріктілер эвакуациялық пунктте жатқан тұрғындарға арнайы ас беріп, оңтүстіктің дәмді палауынан дәм татқызды. Сондай-ақ, Сүндет Кенжебаев еріктілерді үйлестіре отырып көрші ауылдардағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік үлестіргендерін айтып өтті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданының атынан жіберілген гуманитарлық көмекті жинауға жергілікті меценат кәсіпкерлер, аудан тұрғындары және ерікті жастар белсене атсалысқан болатын.