ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

281

Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.

– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №1023 Жарлығымен аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін:

«Парасат» орденімен Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газетінің бас редакторы Бақтияр Байдуллаұлы Тайжанов;

«Құрмет» орденімен Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ә.Марғұлан атындағы археология институты» РМК бас директоры Бауыржан Әбішұлы Байтанаев;

«Құрмет» орденімен Шымкент қаласы «№2 қалалық аурухана» МКК дәрігері Есенгелді Ибрагимұлы Бегешев;

«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ спортшысы Ксения Александровна Хан;

«Шапағат» медалімен Шымкент қаласы «№ 89 IT мектеп-лицей» КММ тәрбиешісі Әсем Мұхтарқызы Үсенова наградталды.

Президент Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатымен танысты

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытына барды.

Зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады.

Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған.

Бұдан кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталды.

 

– Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан.  Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі.

t.me/bort_01