«ӨНДІРІСТІК  ЕЛГЕ АЙНАЛУҒА ӘЛЕУЕТІМІЗ ЖОҒАРЫ»

252

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру  мақсатында «Достық үйі» ғимаратында жиын өтті. Оған «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, Икрамжан Хашимжанов, қалалық  мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Оқушылар сарайы» мекемесінің директоры Бақытжан Мұстафаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

–Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы Жаңа Қазақстанды дамытуға, оның ішіндегі әлеуметтік-экономикалық салаларды нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыратын және саяси трансформацияны жүзеге асыруға жаңаша бағыт болды. Президентіміз шикізаттық мемлекеттен өндірістік деңгейге өту қажет екенін айтты. Сарапшылар тауарды шикізат күйінде нарыққа шығарғаннан, қайта өңдеп дайын өнімді саудалағанда келтіретін пайдасы 70 пайыздан жоғары екенін айтуда. Оған мысал ретінде Белоруссия елін алып қарасақ. Орман алқаптарынан шығатын ағашты шикізат күйінде емес, жиһаз жасап, экспорттады. Нәтижесінде, Белоруссия жиһаздың отанына айналып қана қоймай, елдің экономикасына орасан пайда келтірді. Қазақстанның да өндірістік елге айналуға әлеуеті өте жоғары,–деді  Мұратәлі Қалмұратов.

Маусым айында елімізде конституцияға бірқатар өзгерістер енгізу мақсатында  жалпыхалықтық референдум өтті. Икрамжан Хашимжановтың сөзінше, референдумның игілігі Президент Жолдауында айқын көрініс тапты.

–Бүгінде біз үлкен саяси реформалардың алдында тұрмыз. Биыл халық ҚР конституциясының 33 бабына 56 өзгеріс пен толықтырулар енгізуге дауыс берді. Міне, алғаш болып Мемлекет басшысының Жолдауында өзгерістер айқын көрініп, оның барлығы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, орта және шағын бизнесті дамытуға, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен сапалы білім алуға бағытталған. Еліміздің адами капиталы мол болса, кәсіпкерлігі дамып тұрса, салық төлеуден жалтармайды, — деді И.Хашимжанов.

Жиын барысында қала мәслихатының депутаты Н.Бұхарбаев алдағы саяси науқан — кезектен тыс Президент сайлауы жөнінде пікір білдірсе, «Оқушылар сарайы» мекемесінің басшысы Б.Мұстафаев Жолдауда айтылған білім мен оқушыларды қосымша үйірмелермен қамту бағытындағы ойын жеткізді. Жиынға қатысушылар көтерілген тақырып аясында өз ой-пікірлерін ортаға салды.

«Шымкент келбеті»