«ОҚУҒА ҚҰШТАР МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ОҚУШЫЛАРҒА ОҢ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

250

Өткен апта әрбір азаматқа ел тағдырын анықтау ісіне қатысуға мүмкіндік берген саяси маңызды шара – референдумның әп-сәтте ұйымшылдықпен өтуімен есте қалды. Мұнда әсіресе, білім ұясы — мектептердің референдум не сайлау өтетін учаске болып бекітіліп, ал сол қарбалас сәттің мұғалімдердің қосымша қауырт жұмыс істейтін уақытына айналатынын білеміз. Осы орайда көптен күткен республикалық референдумның өту барысы, сонымен бірге қаламызда білім беру және қазақстандық ғылымды дамыту, тіл саясатын дамыту т.б. көптен бері көкейде жүрген сауалдардың жауабын білу мақсатында Түркістан қаласы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның директоры, үздік ұстаз, білікті басшы Рахила Кенжебекқызы Үрімовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

Рахила Кенжебекқызы, міне, жаңа Қазақстан құруда жасалған маңызды қадам – референдумды барша ел-жұрт жұмыла өткізіп алдық. Аталмыш маңызды саяси шешімге қандай баға бересіз? Қандай деңгейде өтті? Конституциялық реформалардан қандай үміт күтіп отырсыз?

— Ия, 5 маусымда, еліміздегі ең үлкен саяси шара — жалпы республикалық референдум бойынша біздің мектеп-гимназияның базасында 114-реферундум учаскесі жұмыс атқарды. Халық өз таңдауы арқылы еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өткен референдумның мәні мен маңызы зор. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынғаннан кейін, бұл жерде ерекше маңызға ие болған нәрсе бұл — халықтың сенімі деп айта аламын. Себебі, біз халықты референдумға қатысуға шақыру барысында ешқандай қиындық туындаған жоқ. Бұл жолы халық көшбасшыға шынайы сенетіндігін, жаңа Қазақстаннан үлкен үміт күтетіндігін айқын көрсетті. Яғни бұл алдын ала жүргізілген үгіт-насихаттың, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілген насихаттау жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілгенін дәлелдеді. Жарқын болашақтан үмітіміз зор, біз өз кезегінде педагогтар қауымы «ел тағдыры біздің жас ұрпақтың қолында», әрбір Қазақстан азаматы референдумға қатысудың маңыздылығын сезінуі тиіс дейтін болсақ, одан үлкен өзгерістер күтеміз.

Жалпы конституцияға енгізіліп отырған өзгеріс бұл білім саласының өркендеуіне ықпалы тиеді деген сенімдеміз. Өйткені біздің таңдауымыз бұл — жаңа қоғам, жаңа мемлекет. Осы ретте әрбір конституцияға енген өзгерістер біздің жас ұрпақтың келешекте іргелі мемлекетте жоғары деңгейде білім алатындығына толық сенім артып отырмыз. Педагогтар қауымы кешегі референдумға мерекеге барғандай, жақсы көңіл-күймен ат салысып, барлығымыз өз учаскелерімізге барып дауыс бердік. Оң өзгерістердің болатындығына айрықша сенім артқандықтан, педагог мәртебесі мен жауапкершілігі заңды түрде қолдау тауып, білімді жастарды оқыту мен тәрбиелеу басты парызымыз  болғандықтан, педагогтар қауымы тарапынан әрдайым ұйымдасқан күш-жігердің жалындап тұратынына сенімдімін!

 

Рахила ханым, өзіңіз басқарып отырған Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында түрлі ұлттармен ауызбіршілікте жұмыс істеп, көптеген жетістіктерге жетіп жатқандарыңыздан хабардармыз. Ұлт татулығы – елдің мызғымас тірегі екені белгілі. Қаламызда тіпті түрлі этнос өкілдерінің бір-бірімен жарасып, бейбітшілік пен ынтымақта өмір кешуі үшін ассамблея да арнайы жұмыс істейді. Сіздердегі татулық пен тұрақтылықтың сыры неде?

— Біздің Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында бүгінгі таңда 2300 оқушы қазақ, орыс және өзбек тілдерінде білім алады. Яғни алтын ұя — білім ордамыз бірнеше ұлт пен ұлыстардан құралған орта. Қай жерде болмасын, татулық пен ауызбіршіліктен асқан құндылық жоқ дейтін болсақ, мұнда мектеп-гимназиядағы жүйеленген жұмыстардың жоспарға сай өтілуі осы ниетпен ұштасып отырғандай. Бұл бағытта «мынау қазақ бөлінің, ал мынау орыс не өзбек бөлімінің іс-шарасы» деп бөлу жоқ. Барлық іс-шаралар барлық сыныптар үшін араласып өтеді. Бірінші сыныптан бір мектепте оқыған соң ең басты мақсатымыз олардың татулығын сақтау.

Бұл бағытта мектептің медиация қызметін айта кету керек. Жалпы медиация қызметі – заман талабы. Яғни 2019 ж. мектепте арнайы ауданаралық соттың шешімімен «Медиация кабинеті» ашылған болатын. Бұл әсіресе оқушылар арасындағы ұлттық татулықты, өзара достықты, қарым-қатынасты күшейту бағытында жақсы жұмыс атқаруда. Себебі балалардың арасында түрлі түсініспеушіліктердің, кикілжіңнің алдын алу үшін балалардан құралған жас медиаторлар тобы балалар арасында татулықты орнықтыру бағытында өзара бірлескен шаралар ұйымдастырып отырады. Яғни бірлескен жұмыстарды жиі ұйымдастыру арқылы бір мектептің балалары бір үйдің баласындай тату-тәтті оқып жатқан жайы бар.

Сонымен қатар мектепте өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс жасайды. Бұл өзін-өзі басқару ұйымында мектептің сайланған президенті, орынбасарлары, түрлі министрлері қазақ, орыс, өзбек сыныптарынан араласқан топтан құралған оқушылар. Сондықтан оқушыларымыз да өзара бірлескен жиналыстар арқылы бас қосып, өздерінің түрлі шараларының нәтижесінде бір-бірінен бөлінбей, бірлесе жұмыс істеуді жалғастыруда. Оқушыларымыз мектеп табалдырығын аттағаннан бір үйдің балаларындай, қазақ елінің, Қазақстан Республикасының баласы екендігін сезініп, бойына өзара ауызбіршілікті, татулықты сіңірсе екен деген басты мақсатта жұмыс атқарудамыз.

 

Қызылорда қаласында өткен республикалық «Edcrunch Headmaster» атты мектеп директорларының арасында ұйымдастырылған конкурста әріптестеріңіздің алды болып, жүлделі ІІІ орынға ие болған екенсіз. Бұл конкустың мақсаты мен міндеттерімен кеңірек таныстырсаңыз.

— Ия, мен осы жылдың мамыр айының басында Қызылорда қаласында мектеп директорлары арасында ұйымдастырылған «Үздік директор 2022» Республикалық тұңғыш байқауына қатысқан болатынмын, бұл байқауға Қазақстанның әрбір облысынан өзіндік бақылау мен басшылықтағы немесе мектепке енгізген жаңалықтары бар мектеп басшылары қатысты. Облыстан келген директорлардың арасынан үздік үштікке ілінудің өзін үлкен жетістік деп санаймын. Байқаудың мақсаты заманауи жаңашыл басшыларды анықтау, мектепке ендіріп жатқан білім саласын арттыру бағытындағы жаңашыл жобаларды, сол жобаларды Республиканың өзге де мектептеріне үлгі етіп таратып, насихаттап, білім беру саласындағы үздік директорлардың базасын құру болатын.

Байқау барысында тамаша жобалармен таныстық. Оның арасында астананың, Көкшетау облысы, Қызылорда қаласы мектептерінің білім саласын дамыту бағындағы жобалары ұнады. Мен «Мектепте еңгізілген өзгерістер баспалдағы» атты жобаны таныстырдым. Бұл жаңашылдықты еңгізу бағытындағы өзімнің үш жылда жүргізген экспериментімнің нәтижесі, бұл бағытта мектебіміздің республика, облыс деңгейіне таңылуы, мұғалімдер көшінің жаңалыққа қарай бет бұруы, аталмыш жобаның жүзеге асқандығын айқындайды. Бұл бағытта мектепте бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылып, бірнеше жұмыстар жүргізілді. Зерттеу барысында облысаралық, сондай-ақ республикааралық  көптеген тәжірибе алмасу семинарларына қатысып, өзара тәжірибе алмастық, мұның барлығы өз кезегінде жұмысымызды жүйелеуге, жұмысымыздың жоғары деңгейден көрінуіне ықпалын тигізді деп ойлаймын.

 

«Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында негізгі мақсатының бірі — Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту. Осы жөнінде қандай шаралар атқарылуда? Сонымен қатар тіл саясатын дамытуда айтар ойыңызды қоссаңыз.

— Жалпы Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыру және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту бұл әр жаңа оқу жылы білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық ғылым академиясының білім беру ұйымдар үшін әзірлеген әдістемелік нұсқау хатында нақты берілген.

Оқушылардың бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды дамыту бағытында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бұл бағытта бірнеше жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Мұнда ең басты — тәрбие саласына қатысты. Тәрбие саласы бүгінде арнайы 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Сонымен бірге биыл ұсынылған әдістемелік нұсқау хатта жалпы бізге ұсынылған 12 жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыстар ұйымдастыру бойынша тапсырма берілген.

Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе балалардың көшбасшылық қабілетін арттыру, баланың бойында өзіндік менін қалыптастыру, балаларға өз ойын еркін білдіре алуына қолайлы жағдай жасау және бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы жұмыстар. Бұл балаларды телефоннан, ғаламтор шырмауынан алыстату, кітап оқуға баулу. Бұл бағытта кітапханашымен, сынып жетекшілерімен, тілші мұғалімдермен бірлесіп, түрлі бағыттағы іс-шаралар, атап өтсек жалпы ұлттық құндылықтарымызды, халқымызға тән салт-дәстүрлерімізді насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Наурыз мерекесінде, сондай-ақ балалардың бойындағы патриоттық құндылықты ояту бағытында биылғы жылдың өзінде мектепте бір кадет сынып, екі смарт сынып ашылды, бұл сыныптардың мақсаты патриоттық рухта тәрбие беру, балаларды туған жерін, елін, Отанын сүйетін патриоттарды тәрбиелеу. Аталған жоба оқушыларға оң әсерін тигізіп, балалардың кітап оқуға деген қызғушылықтарының артқаны байқалады, бұл жемісті еңбек пен сенімнің ақталғаны деп білемін.

Бүгінгі таңда құндылықтарға негізделген білім беру бағытында облыс көлемінде тәрбие саласы бойынша ауқымды семинар өткіздік. Тіл саясатын дамытуда атқарылған шараларға тоқталсақ, мектеп қазақ, орыс, өзбек тілдерінде білім бергендіктен басым бағыт мемлекеттік тілге аударылады. Бұл бағытта барлық сыныптардың арасында халқымыздың ақын-жазушыларының, қоғам қайреткерлерінің мерей тойларына қатысты іс-шараларды жоспарлы түрде туған күндеріне сай ұйымдастырамыз. Сонымен бірге тілдер мерекесінен бастау алған тіл саясатына қатысты іс-шараларымыз жыл көлемінде әрбір мерейтойлармен жалғасын табады. Ал Абай, Махамбет, Мағжан, Ілияс оқуларын, жас ақындар мүшәйрасын өткізу дәстүрге айналған. Жоспар бойынша ай сайын жоспарлы түрде жеңімпаздар қалалық, облыстық сайыстарға қатысады. Мектепте 2020 ж. қоғам қайраткері, ақын Әкім Ысқақ атындағы арнайы жас ақындар сыныбы ашылды. Жас  ақындар сыныбының мүшелері Әкім Ысқақ ағамызбен тікелей байланысып, жыл сайын Ә.Ысқақ оқуларын өткізу мектебімізде дәстүрге айналған.

Сонымен қатар дене шынықтыру пәнінен де облыс көлемінде семинар беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарымызды жан-жақты екенін көрсете алдық.

 

Тұлғаның жаңа интеллектуалдық және мәдени түрін қалыптастыру міндетіне байланысты мұғалімге қойылатын талаптарды және осы талаптардың үдесінен шығып, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген бір қатар ұстаздарды атап өтсеңіз.

— Бүгінгі таңда тұлғаның жаңа интеллектуалдық және мәдени түрін қалыптастыруына байланысты мұғалімге қойылатын талаптар өте жоғары. Президентіміздің арнайы тапсырмасымен білім жане ғылым министірлігінің түрлі бағыттағы тапсырмаларына сәйкес білім саласына оң көзқарас қалыптасуда. Әсіресе педагогтардың мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар өте жүйелі атқарылуда. Мұғалімдер тек білім беру ісімен айналысу қажет болғандықтан, бұл бағытта сапалы білім мен саналы тәрбие беру жұмысы бір жолға қойылды.

Сондай-ақ пандемияның кезінде біршама жіберілген олқылықтардың орнын толтыру бағытында оқушылармен жеке жұмыс жүргізу бағытында биыл өте ауқымды жұмыстар жасалды. Екі жыл онлайн оқыған оқушыларда білімнің сапасында біршама төмендеудің бар екендігі талдау негізінде анықталып, оның қорытындысы бойынша мұғалімдерге сапаны көтеру жұмыстары барынша қолға алу қажеттілігі тапсырылды. Жоғары жетістіктерге жеткен мұғалімдеріміз көп. Атап өтсек, облыстық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы, химия пәні мұғалімі Тайбекова Шарафат, орыс тілі пәні мұғалімі Темирова Мадина, химия пәні мұғалімі Абдуллаева Умида, биология пәні мұғалімі  Жүсіпова Құралай, бастауыш сынып мұғалімдері Әлмаханова Үржан, Қалиева Гүлжан, Қалыбаева Ботагөз, Жексенбаева Ақмарал, Набиева Юлия, Маслова Ирина, Шакаримова Санам, дене шынықтыру пәні мұғалімдері Мейірбеков Шынғыс, Исраилов Мадияр, Бәжиев Еркебұлан, Нәлібаев Айдар, Үкібас  Бөлеген т.б. еңбектерін атап өтсек болады.

 

Білім беруді дамытудың негізгі бағыттары: мектепалды даярлықты қамтамасыз етуде, 12 жылдық мектеп білімінің моделі, оқушылардың бойында 21 ғасыр дағдыларын дамытуда, арзан және сапалы ТжКБ мен жоғары білімге тең қол жеткізуде мектеп мұғалімдері қандай жұмыстар атқаруда, нәтижесі қандай?

— Мектеп гимназияда мектеп алды 7 даярлық топ жұмыс жасайды. Біз балаларымызды 12 жылдық білім беруге дайындауда, мектепалды даярлық топтағы оқушыларды мектепке бейімдеу бағытында ауқымды жұмыс атқарудамыз. Мектепалды  дарялық тобының мұғалімдері осы мектепалды даярлықты оқу негізінде 5 бағыт бойынша жұмыс атқаруда.

Оқушылардың бойында 21 ғасырдың дағдыларын қалыптастыру бағытында мектепте шығармашылық тұрғыдан шыңдалған мұғалімдер, ғылыми бағыттағы жұмыс атқаратын мұғалімдер, сондай-ақ бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу бойынша арнайы сараптамалық топтар жұмыс жасайды. Сонымен бірге олқылықтардың орнын толтыру бағытында жіберілген кемшіліктерді жөндеу бойынша, соның алдын алу бағытында арнайы сараптама комиссиясы жұмыс атқарады.

Мектеп-гимназия 2019 жылдан бастап қала әкімінің «Түркістан қауіпсіз қала» бағдармасы аясында «Ақылды мектеп» жобасына енген. Бүгінде мектебімізде жаңа үлгідегі 79 бейнебақылау камерасы, мектеп сыртында 16 камера жұмыс жасайды. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Мектептің ішкі әжетханалары іске қосылып, әжетханалардың кіре беріс бөлігіне де арнайы бейнебақылау камералары қойылған. Бұл өз кезегінде балалардың қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өзіндік көмегін тигізе алады. Сонымен бірге мектептің алдында 5 турникет қойылған. Яғни балалардың осы арнайы турникет арқылы карточкалармен мектепке ену жүйесі енгізілген. Бұл да бөгде адамның мектепке кірмеуіне, балалардың уақытылы мектепке кіргендігі арнайы компьютер арқылы анықталып, мектепте неше оқушының сабақта отырғандығын, неше оқушының мектепте бар екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ білім ордамыз Назарбаев зияткерлік мектебі тəжірибесін тарату мақсатында кала келемiнде жетекші мектеп ретiнде жұмыс жасайды. Бiзге бекiтiлген бiрнеше мектептер бар. Бүгінгі таңда Назарбаев зияткерлік мектебінен алып келген 15-ке жуык жобаларды жузеге асырып, сол жобалардың калай жүзеге асып жатқандығын және оның нәтижесін басқа мектептерге үлгi ретінде көрсетеміз.

Келесi ауқымды жұмыс мектеп 2018 жылдан берi салауатты өмір салтын қалыптастыру және денсаулықты нығайту бағытында облыс бойынша тiрек мектеп болып саналады. Бүгiнгi танда халықаралық, республикалық, облыстық түрлi спорттық жарыстардың жеңiмпаздары бар, мектепте бірнеше үйірмелер жұмыс атқарады, атап айтсақ волейбол, баскетбол, үстел теннисi, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, бокс, таэквандо, күрес және т.б. спорт түрлерінен облыстық адами дамыту басқармасымен бiрлесiп спорттық шаралар өтуде.

Одан соң 2022 жылы облыстық бiлiм беруді дамыту орталығымен бірге Павлодар облысының әдістемелік орталықтың бірлескен жоспары негiзiнде Павлодар облысынан 6 мектеп, Түркістан облысынан 6 мектеп таңдалып өзара негiзгi тәжірибе алмасу бағытында меморандумға қол қойды. Бiзге бекітілген мектеп Павлодар облысы Екібастұз каласы С.Торайғыров атындағы №22 мектеп. Бугiнде бiз онлайн режимде, zoom аркылы бiр-бiрiмiзбен танысып бірлескен жұмысты бастадық. Алдағы уақытта Павлодар облысына барып, олар бiзге келіп республика денгейiнде семинар, түрлі танымдық сайыстар өткізу жоспарымызда бар.

Келесi жұмысымыз ауыл мектебін сапалы баскару бағытында президентiмiздiң, Білім министрі А.Аймағанбетовтың тапсырмасына сәйкес ауыл мен каланың арасындағы алшақтықты болдырмау бағытындағы жұмытар барысында біз Түркістан облысы бойынша арнайы тірек мектеп ретінде белгiленiп отырмыз, яғни бізге Түркістан облысындағы ауылдардан бірнеше мектептер бекітілген. Осы бойынша жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асады деген ойдамыз .

 

Туркия Республикасымен халықаралық деңгейде Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы кадет сыныбын ашу ойларыңызда бар екен. Сыныптың атқарар шаруаларын айтып өтсеңіз, идеяны қолдаушылар бар ма?

— Ия, жоғарыда айтып өткенімдей, біз мектепте кадет сыныбын, смарт сыныбын 2019 жылдан бастап ашқан болатынбыз. Бүгінде Б.Момышұлы атындағы кадет сыныбы бар. Бұл кадет сыныбының мақсат-міндеттері айқын, жинақтаған тәжірибе бойынша Түркия Республикасымен өзара байланыс орната отырып, келесі жылы мектебіміздің есімін иеленіп отырған Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы кадет сыныбын ашуды жоспарлап отырмыз, мақсатымыз балаларымыз Ататүрік атындағы мектепте білім алып жатқандықтан олардың бойында патриоттық рухын ояту, аталмыш тұлғаның ерлігін, елі үшін атқарған қызметін балаларға үлгі ете отырып халықаралық денгейде іс-шара ұйымдастырсақ дейміз. Бұл бастамамызды сәуірде өткен халықаралық конференцияда халықаралық педагогтар ассоциациясы қолдап, ауқымды шараны қоғам қайраткерінің туған күні қарсаңында өткіземіз деп жоспарлаудамыз.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Несібелі Иманқұлова