ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН 5 ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАР ҰСЫНЫЛДЫ

281

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру» бойынша іс-қимыл жоспары талқыланды.

Консультативтік кеңес отырысына Шымкент қаласы ПД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков төрағалық етті. Сондай-ақ, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қала прокурорының орынбасары Бақтияр Мұхамеджан, қала мәслихатының төрағасы

Бахадыр Нарымбетов, қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылары, экономика, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдар мен консультативтік кеңесші орган мүшелері маңызды жиынның төрінен табылды.

–Қазір адамдар арасында профилактика тек полицияның міндеті деген пікір қалыптасқан. Бірақ, кез келген қылмыспен біз қоғам болып күрескенде ғана, қауіпсіздікті нығайтуға зор мүмкіндік аламыз. Ол үшін осы жиынға қатысып отырған әр тұлға өз пікірін ортаға салып, тұжырымдаманы іске асыруға бір кісідей атсалысу керек деп ойлаймын, — деді полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Бұған қоса мегаполистің бас полицейі соңғы кездері ең өзекті мәселеге айналып отырған интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткі қылмыстарының себеп салдары мен статистикасына жеке дара тоқталып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап айтты. Шымкент ҚПД Штаб басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айжан Куленова жиынға қатысушыларды тұжырымдаманы жүзеге асырудың іс-қимыл жоспарымен таныстырды.

Оның ішінде, интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жол апаты жағдайларының алдын алуға және полиция қызметінің сапасын жақсартуға арналған 5 жылдық жоспарды назарға ұсынды.

Өз кезегінде, жауапты орган басшылары мен консультативтік кеңес мүшелері ұсынылған жоспарға өз ой-пікірлерін қосып, қызу талқыға салды. Олардың әрқайсысын «Қоғам қауіпсіздігі үшін мен не істей аламын?» деген сауал толғандырғаны анық. Өйткені, жоспардың әр бөлігіне жеке пікір білдіруші азаматтар саны көп болды.

Жиын соңында, қатысушылар жұмыла көтерген жүк жеңіл деп алдағы уақытта қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге уәделесті.