АЙБЫНДЫ ЖАСТАР – ЕЛ ТІРЕГІ

257

Әскери–патриоттық тәрбие — жас сарбаздардың әскери iстi жақсы меңгеруiне, төтенше жағдайларда қорғанудың тәсiлдерi мен құралдарын дұрыс пайдалана бiлуiне ықпал етеді. Отанды қорғау үшін еліміздің барлық ер азаматы атыс қаруының түрлерін және әскери техниканы меңгеруі міндетті.

Осындай тақырыпта «Айбынды жастар – жаңа Қазақстанның тірегі» атты ерлік сабағы өтті. Аталған іс-шара Шымкент қаласы қорғаныс істер жөніндегі департаменті, қалалық білім басқармасы және ардагерлер қоғамдық бірлестігінің бірлесуімен ұйымдастырылып отыр. Жиынға ауған, тәжік-ауған, Чернобыль апатының ардагерлері және мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.⁣⁣⁣⁣
Кездесудің басында сөз алған полковник Серікбай Мейірбайұлы жастарға ардагерлерді таныстырып, іс-шараның маңыздылығын түсіндірді. ⁣⁣
– Биыл елімізде Республика күнін кең көлемде атап өткелі отырмыз. Осыған орай бүгінгі іс-шарада Қарулы күштер ардагерлері мен сапта жүрген сарбаздарымызға құрмет көрсетіп, олардың еңбегімен жастарды таныстырамыз. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың қағидаларын көрсетеміз. Бұл болашақ ұрпағымыздың елімізді қорғауға, әр уақытта патриоттық рухын көтеруге мүмкіндік береді,- деді ол.
– Әскери-техникалық мектеп сарбаздарды 40 күнде әскерге дайындайды. Олар үшін үш бағытта оқу-тәрбие сағаттарын өткізу мақсатында 60 тәлімгер жұмыс істейді. Дайындығы жақсы студенттерге арнайы сертификат беріледі және әскери билетке қол жеткізеді. Бүгінгі іс-шара жастар үшін маңызы зор. Олар еліміздің болашағы,- деді аға мұғалім, әдіскер Ерсенбек Көркемұлы.⁣⁣
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебіне келген жастар қарулы күштердегі қарулармен және сол мектептің бір күндік өмірімен танысқаннан кейін, 10 мектептің мәжіліс залына жиналды. Ардагерлердің қатысуымен болған кездесуде қарулы күштерді насихаттау мақсатында жасалған видео роликті жастар тамашалады. ⁣⁣
Жиын соңында іс-шараға белсене қатысқан болашақ жауынгерлер және әскери патриоттық бағытта жұмыс атқарып жүрген алғашқы әскери дайындық оқытушылары марапатталды. ⁣⁣
Айта кетейік, әскери-патриоттық тәрбие орталығы жыл басынан бері 411 іс-шара ұйымдастырды. Қаламызда 142 мемлекеттік мектеп, 28 колледж бар болса, сондағы жастарға түрлі ерлік сабақтарын өткізген. Сонымен қатар, бұл орталықта 3 000-нан аса сарбаз тәрбие алып, Отан алдындағы борышын өтеді. ⁣⁣