“ӨМІРІН КІТАППЕН ӨРНЕКТЕГЕН АНА…”

541

Менің бүгінгі кейіпкерім саналы ғұмырын кітап оқумен, оны зердеде тоқумен, өзі ғана оқып қана қоймай, ел оқысын деп, өмір бойы жинақтаған отбасылық кітапханасын арнайы ғимарат сатып алып, түркітілдес елдер кітапханасына айналдыруға үлес қосумен бірге айналасына ізгілік пен шапағатын төгіп жүрген жан..
Сонымен қатар Алматыдан 28000 кітапты арқалап Түркістанға келіп, туған жерге деген құрметін іспен көрсетті.
Сондай-ақ саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне бағыштап, әсем Алматыдағы №159 Алтынсарин мектеп-гимназиясында Қазақстанның ең маңдайалды ұстазы Аягүл Миразованың сеніміндегі тарихшы ұстаз.
Ол — ұстаздықпен қатар ғылыми еңбек жазып, Өзбекәлі Жәнібековты зерттеді, өз жұмысын жоғары деңгейде қорғап, екі бірдей кітапты жарыққа шығарды.
Ол — Кенжебек Бейсенбаев ағамыздың тілімен айтқанда «тек адал жарының ғана емес, бүкіл қазақтың аға буынына келін, кіші буынға жеңеше» деген бағаға ие болған қазақтың қызы .
Ол- бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп, алтындай үш ұлды дүниеге әкелген Ана.
Бүгінгі кейіпкерім әрбір ұлы ер азаматтың артында ақылды әйел тұрады дегендей, танымал сыншы, әдебиетші, профессор Құлбек ағайымыздың адал жары, ағамыздың қаламынан туған «Баянсөз», » Баянғұмыр » кітаптарының бас кейіпкері Баян Садыққызы Адырбек!
Өзі басқарып отырған зияткерлік мектепте «Түркістантану» сабағын енгізіп, зияткерлік ойындар үйірмелерін жоғары деңгейде жүргізуге атсалысып жүрген жаңашыл басшыны қалайша құрметтемеске…
Баян апайдың осылайша жақсы қасиеттерін тізбектей берсем, жалғаса берері анық, дегенмен мақтауға да, мақтануға да тұрарлық жан дер едім.
Бүгін кітапханашылар мәртебеленіп жатқанда, кітаптың ең жанашыры, кітаптың қадіріне терең жететін, әр сөзінде кітап оқудың нәтижесінде жетістікке жетуге болатынын айтып, кітап деген құдіретке бас иіп, елге қызмет етіп жүрген замандасым, рухани әпкем, үлгі тұтар қымбаттым Баян апай жайлы сөз қозғағым келді.
Қазақта жақсылықтың атасы жетеу деген даналық сөз бар.
Биылғы алтын күз өз жақсылығымен келіп, күні кеше «Құрмет» орденімен марапатталып, су жаңа екі атаулы күн, «Кітапханашылар күні» мен «Республика» күнімен тұспа-тұс келген төл мерекесінде жақсының жақсылығын айтып, нұрын шашқым келді.
Қымбаттым, Баян Садыққызы!
Еңбегіңіз еленіп, құрметке бөленіп тұрған сәтте кіріп келе жатқан жаңа жасыңыз құтты болсын!
Жаңа жасыңыз тек жағымды жаңалықтар мен жақсылықтар сыйласын.
Отбасыңызға амандық, баянды бақыт тілей отырып, ұрпақтарыңыздың жетістіктеріне қуанып, шәкірттеріңіздің қуаныштарын бөлісіп, ортамызда сау-саламат жүре беруіңізге тілектеспін.

Алима Пашанова, ардагер кітапханашы