ЕГЕМЕН ЕЛІМІЗ ГҮЛДЕНЕ БЕРСІН!

643

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке.
Баршаңызға белгілі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күн Ұлттық мереке ретінде ресми түрде бекітілді.
Бұл – тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің Тәуелсіздігі шын мәнінде осы күннен басталады. Сол себепті осы күнді ұлттық мереке ретінде бекіту – елдік әрі егемендік тұрғысынан маңызды қадам.
Бүгінде елімізде Әділетті Қазақстан және екінші республиканы құру бойынша ауқымды реформалар жалғасып жатыр.
Биыл республикалық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Билік институттары арасында өкілеттіліктер қайта бөлініп, Парламенттің рөлі күшейтілді. Қазақстанда жаңа саяси басқару моделі қалыптасты.
Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Осының барлығы республикамыздың егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау және мемлекеттілігімізді нығайту үшін атқарылып жатқан істер!

 

 

Қадірлі көпшілік!

Биыл алғаш рет Ұлттық мереке деңгейінде аталып өтіп отырған Республика күніне Шымкент қаласы да зор жетістіктерімен жетіп отыр.
Атап айтар болсақ, қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Тәуелсіздік жылдары тартылған инвестицияның тең жартысы, яғни, 1,8 триллион теңге соңғы 5 жылдың еншісінде. Биылғы жылдың 9 айында Шымкентке 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 530 миллиардқа жетеді деп күтілуде.
Бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын – құрылыс саласы құрайды.
Инвестиция көлемінің арту есебінен қала бюджеті де 4 есеге артқан. Бюджет көлемі 584 млрд.теңгені құрап, оның ішінде өзіндік кірістер 72 млрд.теңгеден, 252,5 млрд.теңгеге дейін немесе 3 есе ұлғайды.
Алдағы 5 жылда 6 трлн. теңге инвестиция тарту көзделуде. Оны орындау бойынша нақты жоспарымыз бар.
Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, Шымкентте биылғы жылдың 9 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 25 миллиард 065 миллион теңге болды. Өткен 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 миллиард 377 миллион теңгеге артқан.
Соңғы жылдары білім саласына жеке инвесторлар көптеп тартылуда. Соның арқасында 1991 жылы қалада 72 мектеп болса, бүгінде 247 мың оқушысы бар 235 білім ұясы жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау саласының материалды-техникалық базасын жаңартуға соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен 14 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді.
Нәтижесінде, медицина мекемелерінің материалды-техникалық базасын жаңарту деңгейі биылғы жылы 79 пайызға жететін болады.
Тұрғын үй құрылысында өткен жылы алғаш рет 1 миллион 012 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 56 пайызға жетті.
Биылғы жылы бұл көрсеткішті 1 миллион 060 мың шаршы метрге ұлғайту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 8 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізетін болады.

Құрметті жерлестер!

Қазақстан Республикасының Республика күні – біздің жалпыұлттық мерекеміз. Сіздерді осынау ұлық мерекемен тағы да шын жүректен құттықтаймын.
Еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі. Олай болса, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болып, Егемен республикамыз гүлдене берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы