БАЛҒЫНДАРДЫҢ ҒҰМЫРЫН НҰРЛАНДЫРҒАН

362

Ширек ғасырға жуық бір білім ордасында ұстаздық етіп, ұлт үшін ұтымды іспен шұғылданып жүрген ерекше маманмен танысудың сәті түсті. Ол — Шымкенттегі Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының мұғалімі Анаргүл Назарова. Ерекше балаларды еңбекке баулып, кеңістікті бағдарлап, әлеуметтік тұрмысқа бейімдеудегі оның еңбегі орасан.

Анаргүл Көмекқызы 1990-1995 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «жалпы техникалық пәндер мұғалімі» мамандығы бойынша оқып, диплом алған. Сөйтіп, 1996-1998 жылдар арлығында «Үміт» мектеп-интернатында тәрбиеші қызметін атқарыпты. Ал, 1998 жылдан бері бала тәрбиесіне барын салып жүрген ұлағатты ұстаз.

— Ұстаздық жолын таңдауда Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз, әкем Көмек Назарұлының ықпалы зор. «Қызым, өзіңе де, қоғамға да пайдалы, құрметті мамандық. Қолыңнан келгенді қыздарға үйретесің» деп отыратын. Әкемнің ұстаздық жолын таңдауыма себепкер болғанына ризамын. «Үміт» мектеп-интернатында сыныптарды балалардың қабілет-мүмкіндігіне қарай екіге бөліп оқытамыз. Олардың бірі — нашар көретін, екіншісі зағип жандарға арналған Брайль сыныбы. Әр сыныптағы балаларды оқытудың өз әдісі бар. Мәселен, әлсіз көретін оқушыларғы орта мектеп бағдарламасын жеңілдетіп, бірнеше дәріске кеңейтіп оқытамыз. Ал, Брайль сыныбындағы оқушыларымызға сурет салуды үйрету үшін, ең әуелі, бейнелейтін заттың пішінін қатты картоннан кесіп дайындаймыз. Олар қолымен ұстап сезіну арқылы қағазға арнайы пластмасса тоқыма инесімен нүктелеп, бедерлейді. Балаларға бастауыш сыныптарда әріптерді қалай үйретсек, айналадағы заттар мен құбылыстарды да солай танытып, үйретеміз. Мұнда тактильді кітаптардың маңызы зор, — дейді А.Назарова.

Балаларға пішіндерді жұмсақ, қатты заттардан дайындап, сипаттап келген Анаргүл Көмекқызы осыдан 2 жыл бұрын алғаш рет тактильді кітап тігіпті.

— Әріптесім, бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Рахымжанова 2 жыл бұрын Қарағанды қаласында ұйымдастырылып жатқан республикалық онлайн байқауға қатысатынын айтты. «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі болған соң, тактильді кітапты бірлесіп жасауға ұсыныс білдірді. Берілген тақырып бойынша барымызды салып, дер кезінде жұмысты байқауға беріп жібердік. Сөйтіп, жұмысымыз республикада 3-орын иеленді. Осыдан соң мамандармен келісе отырып, тактильді кітап тігуді қолға алдым, — дейді ол.

Мамандардың айтуынша, тактильді кітап арқылы бала айналадағы заттарды танып-білуі керек. Яғни, кітапқа тігілетін әрбір зат шынайы өмірдегі сипатына сай, тек көлемі ғана бірнеше есе кішірейтіліп беріледі екен. Сондай-ақ, арнайы кітапшадағы бұйымдар қолға ұстап, сезіне алатындай бедерлі болады. Бірақ, үшкір және өткір заттарды қолдануға тыйым салынған.

— Тактильді кітап тіккенде белгілі ережелерді сай етіп дайындаймыз. Мәселен, жан-жануарлар әлеміне саяхат топтамасы делік. Кітаптың басында жылқы қалай бейнеленсе, соңына дейін сол пішінін жоғалтпауы керек. Сонымен қатар, әр заттың шынайы өмірдегі бұйымның нақты, кішірейтілген көшірмесі болуы шарт. Себебі, туабітті көз жанарынан айырылған балалар үшін бұл өте маңызды. Өткір, үшкір заттарды қолдануға тыйым салынған. Яғни, олар сипап, заттың пішінін сезінген кезде қолын жарақаттап алмауы керек. Әрбір оқушының қолы көздің қызметін қоса атқарады. Қарапайым адамдарға қарағанда олардың саусақтарының сезімталдығы ерекше дамыған. Тактильді кітаптың ерекшелігі де сол, бала кеңістікті танып қана қоймайды. Оның әр түймешені шешіп, қайта қадағанда дәлдік түйсігі, қолының моторикасы дамиды. Тіптен, осы әдіспен дәстүрлі қаріптерді де таниды, — дейді кейіпкеріміз.

Анаргүл Назарова 2 жыл ішінде 30-ға жуық тактильді кітап тігіпті. Оның бірқатарын әріптестері дәріс барысында қолданып жүр екен. Сондай-ақ, қаладағы көзі әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға да тапсырыспен 4 кітап дайындапты. Мектепішілік тифлосеминарда дәстүрлі емес заттардан тактильді бұйымдар көрмесін ұйымдастырса, 13 қазанда Ақтөбе қаласында өткен республикалық «Ерекше кітаптар» байқауында 2-орын иеленіп, жүлдеге тігін машинасын алыпты. Еңбегі еленіп, республика мамандарының арасында жетістікке жетіп жүрген ұстаз әлі де ізденіп, балаларға пайдалы дүние үйретсем деген ниетінен айныған емес.

— Мектебімізде «Әлеуметтік тұрмысқа бейімдеу», «Кеңістікті бағдарлау» сынды дәрістер де бар. Мен жұмысқа орналасқан жылдары балаларды ертіп, жетектеп жүруге тырысатынмын. Сонда «Үміт» мектебінің сол жылдардағы директоры Биғайша Нұғазинова апайымыз «балаларды жетектегеннен гөрі, бағдар беріп, кеңістікті сезінуді үйретіңдер. Өмір бойы қасында жүре алмайсыңдар. Өздері бейімделсін» деп үйрететін. Ұзақ жылдар оқу ісі жөніндегі директор орынбасары қызметін атқарған марқұм Рахима Досалықызы түрлі методикаларды енгізіп, бейімдеудің жолдарын меңгертті. Қазіргі мектеп директоры Зүлфия Сәлім қалаға қосылған шалғай ауылдардағы зағип жандардың да сауат ашып, қоғамға бейімделуіне атсалысып жүр. Мәселен, оқушыларды сыныпқа әкелген соң, орнына жайғастыру үшін алға екі қадам, оңға 3 қадам деген сияқты сипаттап, кеңістікті бағдарлауына мүмкіндік жасаймыз. Ал, тұрмысқа бейімдеп, ас-су дайындау кезінде тағамдарды иіспен ажыратып, дәмдеуіштерді қалай қосуға дейін айтамыз, — дейді Анаргүл Көмекқызы.

 

Сізге өтірік, бізге шын. Анаргүл Көмекқызының Брайль сыныбында оқыған (зағип) түлектерінің бірі моншақтан түрлі бұйымдар жасап, енді бірі ЖОО-да білім алып жүр.

— Алғашқыда туабітті көз жанарынан айырылған балалармен жұмыс қиындық туғызатын. Әсіресе, тоқыма жұмыстары кезінде қиналатын. Саусақтарының ептілігін дамыту үшін алғашқыда қағаздан таяқшалар жасап, себет, гүл дестелерін салатын велосипед тоқыдық. Кейіннен балалардың қызығушылығын байқаған соң, моншақ бұйымдармен жұмыс істеуді қолға алдық. Оқушының оң жағына бір түсті, сол жағына екінші түсті моншақ тастарын қойып, өзім арқа тұсынан келіп, оның екі қолымен жұмыс істеу арқылы жіпті ұстауды, оған моншақты өткізу әдістерін үйреттім. Ішіндегі қағылез, қабілетті 2-3 оқушы үйренген соң, олар өзге балаларға түсіндіруге көмектесіп жүрді. Айшабибі Жұмабай, Аружан Серікбай есімді түлектеріміз әлі күнге өзімізбен байланысып, моншақтан түрлі бұйымдар тоқиды. Қолөнер бұйымдарын жәрмеңкеге де шығарып береміз. Ал, Диана Құралова, Дана Мырзабек есімді түлектеріміз ОҚМПУ-де логопед мамандығында оқып жүр. Біз әрбір оқушымыздың жетістігін мақтан тұтамыз, — дейді А.Назарова.

Иә, ұлағатты ұстаз деген қасиетті ұғым — өзі білгенін өзгеге үйретуден жалықпайтын ізденімпаз педагогқа лайық есім. Өзіне берілген міндетті өмірлік миссиясына айналдырып, үндемей жүріп ұлт үшін пайдасы зор іс тындырып, әр шәкірті үшін сапалы білім беруді мақсат ететін әрбір ұйымының өз Анаргүлі қашанда ерекше құрметке лайық.