ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДӘРІПТЕЛГЕН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ

307

Бүгін Түркістандағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Түркістан – Жаңа Қазақстан тұғырында» атты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Байдулла Жұмадуллаұлы, облыстық ардагерлер алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов қатысты.

– Еліміздегі қалалардың ішінде Түркістан шаһарының орны ерекше. Тарихи қаланың бүгінгі жаңарған келбеті де аса шырайлы, көңіл бұрарлықтай ғажайып. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму жағынан да Түркістанның мәртебесі жоғары. Шаһардың гүлденуі – ол сіздердің ортақ еңбектеріңіз», – деді Байдулла Жұмадуллаұлы құттықтау сөзінде.

Қала күніне арналған рухани кеште «Түркістан – рухани құндылығымыздың астанасы» атты кітап және «Қол өнерім – мол өнерім» ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Жиын барысында қаланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа қала әкімінің арнайы алғыс хаты табысталды.

Мерекелік іс-шарада мәдениет үйінің өнерпаздары және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы әннен шашу шашып, қала қонақтары мен тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады.