СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР

212

Сот саласындағы тәжірибесі бар мамандар ретінде біз кемшіліктер мен қателіктерді көрсете отырып, биліктің негізгі мемлекеттік институттарын ре­фор­малауға көмектесуге міндеттіміз. Шыны керек, 30 жылдық тұрақты реформалар көзге көрінетіндей нәтиже шығара алмады. Бұл жағдай мәңгілікке созыла алмайды. АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольн айтқандай, «Аз топты өмір бойы алдауға болады. Бүкіл халықты аз уақыт алдауға болады. Ал бүкіл халықты өмір бойы алдауға болмайды».

Өкінішке қарай, өткен 30 жыл ішінде жаңадан тағайындалған басшылар­дың бірінші кезекте өздеріне сеніп тап­сырылған ведомствоны болсын-болмасын реформалайтын теріс тәжірибе қалыптасты. Біз реформалаудың шексіз процесіне олардың нақты өзектілігі мен қажеттілігін ескерместен, прогрессивті реформатордың бейнесін жасау үшін ғана қатыстық. Осындай алданыш жолмен жүріп қоғам үшін ең маңыздысы – туындаған құқықтық мәселені әділ шешу екенін ұмытып кеттік.

Жүргізіліп жатқан рефор­маларға ұдайы талдау жасап отыру қажет. Олардың аралық нәтижелері қан­дай? Сапасы сын көтере ме? Тірші­лік­ке қабілетті ме? Құрғақ формальды тәсілді жою қажет. Нақты нәтижелерге қол жеткізбейінше басшылардың жүргізіліп жатқан реформалар үшін жауапкершілігін күшейту керек.

Мәселен, соңғы 3 жылда Аза­маттық іс жүргізу кодексі екі рет қабыл­данды. Егер бірінші редакция сапасыз болса, онда неге мұндай сапасыз жұ­мысқа құқықтық баға берілмеді? Неліктен ешкім жауапкершілікке тартылмады? Екінші жобада түбегейлі не өзгерді? Сондай-ақ 2015 жылдан бас­тап жаңа Қылмыстық және Қылмыс­тық іс жүргізу кодекстері қабылданды. Алайда, қолданысқа енгізілгенге дейін жарты жыл ішінде осы нормативтік-құқықтық актілерге бірнеше рет өзге­рістер енгізілді. Демек енгізілген ре­фор­малар институционалды емес, терми­но­логиялық сипатта болды. Ал бұл олар­­дың дайындығының сапасыздығын көрсетеді.