ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – АДАМ БОЙЫНДАҒЫ ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТТЕРДІҢ БІРІ.

570

Адамдар айналасындағы жандарға мейрімділік, қайырымдылық танытса, өзінің адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Ата-бабамыз қайырымдылықты сауапты іс деп қабылдап, ұрпағын әрдайым жақсылыққа, адалдыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке баулыған. Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа іспеттес, ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.

Қайырымдылық жасауды тек қаржылай көмек көрсету деп ойламау керек. Кез келген мейрімге, көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беріп, оған жылулық танытып, сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасап, көмектесе аламыз. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін игі іс. Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Жақсылық жасау әрбіріміздің қолымыздан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігіміз жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?!

Қайыр-садақа жасаған адам осы дүниенің өзінде айналасындағы адамдардың шапағатына, құрмет-қошеметіне бөленіп әрі ризық-несібесі арта түседі. Қазақта: «Қайырымды адамдар суармалы жер іспеттес, алғанын сан есе арттырып қайырып береді» деген қанатты сөз бар. Ойлап қарасақ, дұрыс тауып айтылған сөз. Біреуге жасаған жақсылығымыз ізгілікті ісіміз, көмегіміз ерте ме, кеш пе қайтып оралады. Жасаған қайырлы істің түбінде жақсылық жасаған адамның өзі толығымен пайдасын көреді. Қайырымдылық көрсетіп, жәрдемдесудегі ең басты мақсат – Алла разылығы үшін жасау. Сондықтан да әр адам қайырлы іс жасайтын кезде Алла ризалығын мақсат тұту қажет.

Қайырымдылық. Бір ғана сөз болғанымен, астарында үлкен мән мен мағына, терең ой жатыр. Қазіргі кезде қоғамда талай қайырымдылық қорлары жұмыс жасап, біраз мұқтаж жандар өз көмектерін алып, сәл болсын бақытқа кенеліп жатқаны өте қуантарлық жайт. Қазіргі таңда біздің елімізде түрлі іс-шаралар, акциялар, қайырымдылық қорлары көп ұйымдастырылуда. Сол арқылы қол ұшын беріп, көмектесетін жандар қатары әсіресе еріктілер тобының саны көбейіп келеді. Жақсылық жасау үшін міндетті түрде бай, ақшасы көп адам болуымыз қажет емес. Бастысы, біздің шын ниетімізде деп ойлаймын. Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі – жомарттық, кеңпейілділік. Қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Жалғызбасты жандарға, үлкен қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасыларға көмек көрсету ешқашанда халқымыздың санасынан ұмытылған емес. Қазіргі кезде қайырымдылық жұмыстары көп ұйымдастырылуда. Мұндай игі істердің көп болуы өте қуантарлық жағдай деп ойлаймын.

Құран Кәрімде: «…Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген. Әрбір жан осы сөздерді терең түсініп, қайырлы іс жасау жолында Алла разылығы үшін деген ойда болуы керек.

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзде үлкен мағына жатыр. Жомарттық, қайырымдылық, кеңпейілділік қасиеттерді меңзеп отыр. Адамның жасаған қайырымдылық істері ешқашан бос кетпейді. Сондықтан қайырымдылық жасау – қайтарымы мол ізгі амал. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылықты, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, мейірім-шапағатын төгу, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық қарым-қатынас танытып, қол ұшын беру әр жанның азаматтық парызы деп түсіну керек.

Ж.Байгерей