“БІР БАЛА ТУАТЫН УАҚЫТ БОЛЫПТЫ ҒОЙ…”

595

2008 жылы Көпен аға Қазақ радиосының Бас редакторы болып отырған кез…

  • Аға, іс-тәжірбиеден өтіп жүргеніме 9 ай болды. Мені жұмысқа алыңызшы? ,- деп қабылдауына кірдім. Сонда Көпен аға сен қайдан келдің? Кім боласың ?- деп сұраған жоқ. Жай ғана жылы күлімсіреп:
  • Бір бала туатын уақыт болыпты ғой,-деп еді) Таныстығымыз солай басталған …
    Содан бері сыйластығымызға сызат түскен жоқ. Сүрінген, біреулер әдейі сүріндірген сәттерде сырымды айтпасам да іштей сезіп:
  • Сенің құдайың бар қызсың ғой,- деп жұбататын …

Соңғы рет 26.03.22 күні шаңырағыма келіп қолымнан шай ішіп, кішкентайыма батасын беріп кеткен… Сол кездесу мәңгілікке қоштасу екенін білмеппіз… Әттең!

Көпен Әмірбекке!

Үйің қалай түрленеді шатырсыз?
Жиын қалай гүлденеді ақынсыз?
Сауық-сайран наз күлкіні ұмытып,
Қара жерге қалай сыйып жатырсыз?

Енді кімді нұрлы етемін далама?
Енді кімді үлгі етемін балама?
Емен жарқын қымтырылмай қысылмай,
Енді кімге еркелеймін жан аға?

Жігеріме от беруші ең бір айқын,
Мұң-қайғыны жек көруші ең жылайтын.
Енді қайдан табам сіздей жақсыны?
Жас-кәріге кең пейілімен ұнайтын.

Елің қалды ру жүзге бөлінген,
Көлің қалды көктем-күзге телінген.
Енді кімнің мейіріне жылынам?
Сәттерімде сұқ көздерден жерінген.

Асыл аға, ардақты аға ақ маңдай,
Жарық едің жұлдыз шамын жаққандай.
Сізден өмір көшіп бара жатқанда,
Бізден жастық көшіп бара жатқандай.

Өзіңді аңсап құлазиды қаламыз,
Өзіңді аңсап сенделді ой-санамыз.
Аңсап жүріп тас жүрекке айналып,
Тас құлып боп біз де бір күн барамыз…

Айсәуле Бейсенхан