“АССАМБЛЕЯ-АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ БІР КҮШІ…”

219

«Тарихты білмей, болашаққа көз салма» дегендей, Тарихта тар жол тайғақ кешуді басынан өткерген ата-бабаларымыз «Ақ Орда», «Көк Орда», «Алтын Орда» сынды іргелі мемлекеттерді құрып, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты көрнекті дала заңдарымен ел бірлігін ыдыратпай сақтаған. Дала демократиясының заңы қараға да ханға да ықпалы тең болған.  Қаншама қилы тарихи шежірелерді ғасырлар бойы артқа тастап, дөңгеленген зымыран уақыт сырғып өтті.

Мемлекетіміздің жүріп өткен тарихына көз жүгіртсек, сайып келгенде азаматтық қоғам мықты болса – мем­лекет әрқашан да мықты деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастырып, азаматтық қоғамды дамытуға жол салынбақ.

Азаматтық қоғамның белгісі – халықтың «мемлекет бізге не береді?» деп күтуі емес, керісінше «біз мемлекеттің дамуы үшін не істей аламыз?» деген сұрақ қоя алуы. Азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген кезде ғана барлығымыздың өміріміз мазмұнды деңгейге көтеріледі, мемлекетіміздің дамуы ілгерілейді деп есептеймін. Елімізде азаматтық қоғам әлі де қалыптасу үстінде. Дегенмен соңғы 5-10 жылдың ішінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, қамтитын бағыттары біршама кеңейді. Со­ны­мен қатар азаматтардың шешім қабыл­дауға белсенді қатысуын қамта­масыз ететін шаралар мен бастамаларды қолға алу керек. Сол кезде азаматтық қоғам мемлекеттің серіктесі ретінде көптеген мәселені шешуге тырысады. Қоғам — саналы адамдардың бір мүддені, бір мақсатты орындау үшін саналы түрде өзара бірігуі. Мұнда міндетті ерікті шартты элемент бар: мүдде-мақсаттың қалыптасуы жəне саналы адамдардың саналы түрде бірігуі.

​ Президент жанындағы Демократия жəне азаматтық қоғам мəселелері жөніндегі ұлттық коммисияның өкілеттілігін кеңейтіп, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналуы тиіс. Мұндай кешенді іс-шаралар тəуелсіз Қазақстан Республикасының Ата Заңда көрсетілген мұратқа сай құқықтық мемлекет жолында дамуына игі ықпалын тигізері хақ. Қазақстанның саяси жүйесінің демократизациялануы, өркениетті нарықтық экономика мен құқықтық мемлекетті құру үшін азаматтық қоғамның маңызы зор.​

​Осы тұрғыда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің, мекемеге  қарасты Ассамблеяның атқарып жатқан еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Қоғамдағы ынтымақтастық пен бірлікті арттыру мақсатында сан түрлі байқаулар, конференциялар т.б. өткізілуде. ​Осы орайда Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан  Әмірбектің қатарынан әр жылы қатарынан өткізіп келе жатқан «Шаңырақ»байқауы т.б. айтулы ісшаралар жаныңды жадыратады екен. Осы дәстүрге айналған байқаудың жеңімпазы атанып, қоғамда өзіндік орнымыз бар екеніне шүкіршілік етіп жүрміз. 40жыл мектепте ұстаздық қызметті атқарсам да, қолымнан қаламсабым түспеген еді. Осы үрдісті жалғастыруға  мүмкіндік берген  достыққа — дәнекер, ұлағатты істерге — ұйытқы болып жүрген Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-не , Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубына айтар алғысым шексіз.

Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығын қалыптастырып, саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды, еліміздегі татулық пен береке-бірлікті арттыру үшін қоғамда қызмет ете берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

 

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы