ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: ҰСТАЗДАР ОТБАСЫ

293

Қайран, мектеп табалдырығындағы өмір-ай. Неге ерте есеюге, тезірек мектепті бітіруге асықтық екен. Біздің кезімізде қыздар тәрбиесі туралы жиын көп болатын. Ол жиынға тек қыздар қатысатын. Есімізді білгелі қыздар жиналысына қатысып, ненің жақсы, ненің жаман екендігін біліп өстік. Ол кезде қысқа етек көйлекті ешкім кимейтін. Бейәдеп қылықты ешкім жасамайтын. Сонда да қыздар жиналысы жиі өтетін. Бүгінде ойлап қарасам, «Қызды қырық үйден тыю» деп ата бабамыз айтып кеткендей, мұның бәрі де кереғар қылықтардың алдын алу шаралары екен. Бұл сірә, идеологиялық жұмыстардың мықты атқарылғандығын көрсетсе керек.

Әсіресе, ауылымызда ұстаздар отбасы атанған Гүлжахан Аманқұлова апайымыздың біздің тәрбиемізге қосқан үлесі зор болатын. Екі күннің бірінде қыздар жиналысын адамды жалықтырмайтын қанатты сөздермен өрбітіп өткізетін апайларға мың алғыс айтамыз бүгінде. Гүлжаһан апайдың «Бақытымды еңбектен тапқан адаммын. Сендердің әрқайсыларың тәрбиелі, мәдениетті, парасатты болсаңдар менің еңбегімнің жанғаны» деп жиі айтып отыратын сөзі әлі құлағымда естіліп тұрады. Түсіндіре кетейін: Гүлжаһан апай туған сіңлісі екеуі де мектебімізде ұстаз болатын. Екеуі де тұрмысқа шықпай отырып қалған болатын. Әсіресе, «бақытымды еңбектен тапқанмын» деп айтқан сөзінің мән-мағынасына өзім журналист мамандығын меңгергелі терең үңіліп, түсіне бастағандаймын…

Жақында, Шорнақ ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Айша Саинқызы Сүлейменовамен әңгімелесе отырып, осы ойлардың құшағында болып, есіме мектеп өмірі түскен болатын. Айтайын дегенім, апалы-сіңлілі Айша мен Кенжекүл Сүлейменовалардың екеуі де бақыттарын еңбектен тапқан ұстаздар отбасы.

Ендеше өміржолдарына тоқталайықшы.

Айша Саинқызы Сүлейменова 1949 жылдың 1 қазанында Ресей елінің Хабаровск өлкесінде дүниеге келіпті. 7-сынып оқып жүрген кезінде ата-анасы туған елге оралыпты. Әкесі Саин Шорнақ ауылында теміржолда еңбек етіпті. Анасы Ұлбала Бәкірқызы үй шаруашылығында болған. Айша ауылдағы М.Фрунзе атындағы он жылдық орта мектепті бітірісімен Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсіп, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын өзі түлеп ұшқан М.Фрунзе атындағы орта мектепте бастап, алғашқы алты айда кітапханашы, одан кейін бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарыпты. Қ.Рысбеков атындағы №5 мектеп-интернатында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін отыз жыл тапжылмай атқарған. Бұдан бөлек 12 жыл «Жанар» мемлекеттік балабақшасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарыпты. Жергілікті кеңестің депутаты болып сайланған кезінде ауылдың дамуына өз үлесін қосып, халық қалаулысы атанған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, артынан ерген бауырларына бас-көз болуды мақсат еткен Айша Саинқызы тұрмысқа шықпаған. Оның үстіне бір сіңлісі мен інісі қайтыс болып, олардың артында қалған ұл-қыздарын жылатпай, өз қолына алыпты. Ата-анасының қарашаңырағының түтінін түзу шығарып, бауырларының барлығына бас-көз болып отырған Айша Саинқызы бір сәт өткенді еске алды.

— Біз отбасымызда 9 ағайынды едік. Оның жетеуі қыз, екеуі ұл. Ата-анам қайтыс болғанда жетім қалған бауырларыма қарауды өзімнің парызым санадым.

Айтпақшы, осы арада айта кетерім біздің Сүлейменовтер отбасындағы 7 қыздың алтауы ұстаздық мамандығын таңдаған. Үлкен әпкем Аманкүл орыс тілі пәнінің мұғалімі. Бүгінгі таңда ардагер ұстаз. Оразқыз сіңлім ғана мейірбике болып еңбек етті. Қазіргі таңда еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер мейірбике. Одан кейінгі сіңлім Ұмсындық еңбек пәнінің мұғалімі болатын. Қайтыс болғанына біраз жыл болды. Зүбайра физика-математика пәнінің мұғалімі, Назира бастауыш сынып мұғалімі, Кенжекүл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Туған інімнің қызын бауырыма басып, жетілдірдім. Қызым Тоғжан Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді бітіріп, бүгінде Астана қаласында трансформатор заводында өз мамандығы бойынша қызмет атқарады. Жақында әріптестері арасында өткен байқауда үздік көрінген қызым Дубай еліне тегін жолдаманы ұтып алды, — дейді Айша Саинқызы жүзі бал-бұл жанып. Шынында, ата-бабамыздың «Бала тапқандікі емес, баққандікі» деп айтқан қанатты сөзінің жаны барын сезіндік.

Өмірінің 38 жылын білім саласына арнаған Айша Саинқызы Сүлейменова 2008 жылдан бері еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаз. Бақытын еңбектен тапқан Айша Саинқызы бүгінгі таңда 73 жасқа келіп отыр.

Кенжекүл Сүлейменова 1966 жылдың тумасы. М.Фрунзе атындағы он жылдық орта мектепті бітірісімен Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, мұғалім мамандығын алып шығады. Өзі түлеп ұшқан білім ұясында алғашқы еңбек жолын бастап, пионер вожатый, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, көп жылдар абыройлы еңбек еткен. Ұстаздық ете жүріп, Шымкент педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, жоғары білім алып шыққан. 2014 жылдан бастап Айтжанов атындағы жалпы орта мектебінде директор-дың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.

Бүгінде Кенжекүл қарашаңырақта отырған Айша әпкесінің бар жағдайын жасап, қамқорлығын көрсетіп отыр. Біз бір әке-шешеден тараған ағайындылардың ынтымақ-бірлігіне риза пейілде болдық.

Өздері еңбек еткен білім ұясындағы ұл-қыздардың сапалы білім, өнегелі тәрбие алуына бар ынта-пейілдері мен саналы өмірлерін арнаған Айша мен Кенжекүл Сүлейменоваларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.

Түркістан қаласы